Семейде оқушылар арасындағы жанжал қанды оқиғаға ұласқан

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Семейде екі оқушы арасында төбелес болды. Жұдырықтасқан жасөспірімдер бір-біріне пышақ сілтеген. Ақыры ауыр жарақат алған бір оқушы ауруханаға түсті. Оған 15 жерден пышақ тиген. Төбелеске қатысқан екінші оқушы ұсталды. Оқиға ізімен тергеу жүріп жатыр.
Семейде 13 жастағы екі сыныптастың арасындағы жанжал қанды оқиғаға ұласқан. Жәбірленушіні досы сабақтан кейін «ат үйретеміз, ойнаймыз» деп алдап шақырған. Алайда кездесудің соңы пышақ жарақатымен аяқталған. Жасөспірімнің арқасына бірнеше рет пышақ сұғылған. Қансырап қашқан бала нағашы әпкесінің көршісіне барып, көмек сұраған.

ЛӘЗЗАТ КАМЗАЕВА, НАҒАШЫ ӘПКЕСІ:
— Операция алты сағаттай болды. Хирургтың айтуынша, он-он бес жерден пышақтаған. Бүйрегі мен өкпе жағынан да жарақат алған. Біз әділдікті талап етеміз. Бұл кешірілетін жағдай емес.

Жасөспірім көп қан жоғалтқан. «Қазір оқиға салдарынан қатты күйзеліске түскен, психолог көмегіне мұқтаж», — дейді туыстары. Ал бір сыныпта оқып, бірге ойнап, тіпті күреске бірге қатысып жүрген екі баланың аяқ астынан неге жауласқаны ұстаздарына да түсініксіз. Мектеп өкілдері жасөспірімдердің бұған дейін тәртібімен ерекшеленбегенін айтады. Оқиға мектептен тыс жерде болған.

ГҮЛЖАН САҒЫМҒАЛИ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
— Екеуі де учетта тұрмайды, құқықбұзушылықпен тіркелмеген. Екеуі де –сабырлы, салмақты балалар. Күнделікті бірге ойнап, бірге жүрген достар.

Қазір жәбірленуші жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Дәрігерлер оның іш қуысына пышақ кіріп, оң жақ бүйрегі мен іш майы зақымданғанын айтады. Жарақат салдарынан ішіне қан кеткен. Бұған қоса, денесі мен аяқ-қолдарында бірнеше пышақ жарақаты болған.

СНХ: ДУЛАТ КАРИМОВ — ПЕДИАТРИЯ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
— Іш қуысына енетін пышақ жарақаты салдарынан оң жақ бүйрек паренхимасы мен үлкен шабы зақымданған, ол іш қуысына қан кетумен асқынған. Дене мен аяқ-қолдарында көптеген пышақ жарақаты бар. І дәрежелі геморрагиялық шок алған. Қарқынды терапия бөлімшесінде шұғыл диагностикалық және емдік шаралар жүргізілді. Операция 4 сағат бойы жасалды. Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақталды. Ол балалар хирургиясы бөлімшесіне ауыстырылды.

Ал екінші жасөспірім де сол күні ауруханаға жеткізілген. Оның денесінде үш-төрт жеңіл жарақат бар. Екі баланың арасындағы жанжалдың нақты неден басталғаны әзірге белгісіз. Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы жанжалдың нақты себебі мен оқиғаның қалай болғаны белгілі болады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал