Астанада терезеден құлаған әйел сәбидің үстіне түсіп, екеуі де көз жұмды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Астанада көпқабатты тұрғын үйдің 15-қабатынан құлаған әйелге қатысты тергеу жалғасып жатыр. Жұрттың үрейін ұшырған қайғылы жағдай кесірінен 2 жасар сәби де көз жұмған еді. Жоғарыдан құлдилаған 27 жастағы келіншек арбада отырған балақайдың үстіне құлап жазым етті. Өзі де тіл тартпай кетті.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Қайғылы оқиға болған 15-қабаттағы пәтер қазір мөрленіп жабылған. Көршілерінің айтуынша, тәуліктеп жалға беріліп келген. Сондықтан да бұл үйге күн сайын әртүрлі адам келіп жүріпті. Бірақ дәл сол күні не болғанын ешкім білмейді.

Арбадағы бала дәл осы жерде тұрған. Әйелдің 15-қабатта терезеден аяғын салбыратын отырғанын қарсы беттегі үйдің тұрғындары көріп, ұялы телефонына түсіріп алыпты. Көп уақыт өтпей, әлгі келіншек сол жерден төменге қарай, тура жердегі баланың үстіне құлайды. Көрші үйдің тұрғындарының назарын «көмектесіңдер» деп шырылдаған жас әйелдің ащы дауысы аударған.

ТӨЛЕУГҮЛ МАХАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Қорқамыз әрине, жүргіншілер жолымен емес қазір мына жалғыз аяқ жолмен жүреміз. Мұнда қызым тұрады. Егіз немеремді алып шыққанда екі арбамен әрең жүреміз. Мына жерде Лаунж бар. Осында неше түрлі ішкіштер келіп, таң атқанша шулайды. Талай айттық.

Оқиға болған тұрғын үй кешенінде тұратындар тілшілермен сөйлесуге аса құлық танытпады. Түсірілім барысында естігеніміз марқұм әйел ол пәтерде жалғыз болмаған көрінеді.

Бір емес, екі адамның өмірін жалмаған қайғылы жағдайға не себеп? Қазір полиция істі мұқият тергеп жатыр.

АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, 27 жастағы әйел тұрғын үйдің 15-қабатындағы терезеден секіріп кеткен. Құлау салдарынан әйел қаза тапты. Әйел құлаған кезде екі жасар бала отырған балалар арбасына түскен. Алған жарақаттары салдарынан бала да көз жұмды. Қазіргі уақытта осы факті бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда».

Иә, жұмбақ жағдайдың түйінін тәртіп сақшылары тарқата жатар. Қалай болған күнде де, айдың күннің аманында сәбиінен айырылған анаға қайғыра көңіл айтып жатқан жұрттың қарасы көп. Сонымен қатар келіншекті біреу әдейі итеріп жіберген бе әлде өзі байқаусызда құлап кетті ме? Оны да сот-сараптамасынан кейін білеміз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал