Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қысы қатты болатын Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымына дайындық қызу. Шамамен екі аптадан соң тұрғын үйлер біртіндеп жылуға қосыла бастайды. Бүгінде қаладағы желілердің 80 проценті әбден тозып тұр. Ал жылу орталығындағы жағдай қалай?
Бұл – тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға деп берілген көпқабатты үй. 90 пәтерлі баспананың құбырына жуып-шаю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Артынша, желілер гидравликалық қысыммен тексеріледі. Сынақтан сәтті өтсе, нысанға дайындық паспорты беріледі.
ТИМУР ЖЕТПІСОВ, ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Барлық инженерлік желілерді тексереміз. Шатырдың да жағдайын бақылаймыз. Сонымен қатар кәріз жүйесін, су құбырын сынақтан өткіземіз. Қазір қарамағымызда жеті үй бар. Оның бесеуі қысқа толық дайын.
Ал облыс орталығындағы жылу құбырларының жалпы ұзындығы 230 шақырымнан асады. Оның 80 проценті әбден тозған. Сондықтан желілер толығымен қалалық әкімдіктің қарамағына өтті. Биыл шамамен 6 шақырымнан астам магистраль жаңаланбақ.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Бүгінгі күні Петропавлда 1198 үй орталықтандырылған жылыту желісіне қосылған. Қазір олардың 1112-і алдағы жылыту маусымына дайын. Жылыту маусымы жылдағыдай жоспар бойынша сол қыркүйек айының соңында және қазан айының басында басталады.
Ал құрылғылары 57% ескірген Петропавл жылу электр орталығын қайта жаңғыртуға биыл 21 миллиард теңгеден астам инвестиция бағытталды. Стратегиялық нысанда жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Энергетиктер 2030 жылға дейін қондырғылардың тозу деңгейін 43% төмендетуді көздеп отыр.
ДМИТРИЙ ЗАХАРОВ, ЖЭО ДИРЕКТОРЫ:
— Жылыту маусымы басталған кезде станцияда 8 қазандық пен 6 турбоагрегат жұмыс істейді. 30-ы қыркүйекке дейін тағы екеуінде жөндеу аяқталады. Осылайша, қыста он екі қазандықтың онын іске қосамыз. Бұл қалаға үздіксіз жылумен қамтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қалада 200-ден астам әлеуметтік нысан бар. «Олардың барлығы маусымға дайын», — дейді мамандар. Ал дайындық паспортын уақытылы алмағандарға жылу әдеттегіден кеш берілуі мүмкін.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.