Индонезияда жолаушылар кемесі апатқа ұшырап, алты адам қаза тапты

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасының өсуіне әсер етті. АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық және геосаяси текетірес жалғасып жатыр. Индонезияда жолаушылар кемесі апатқа ұшырап, алты адам қаза тапты. Ал Калифорния штатында орман өрті өршіді.
Таяу Шығыста жағдайдың шиеленісуіне байланысты әлемдік нарықта мұнай бағасы барреліне 108 долларға жуықтады. Сарапшылардың пайымынша, бағаның өсуіне мұнай жеткізу қаупінің күшеюі әсер етіп отыр. Әсіресе тасымал үшін маңызды Ормуз бұғазының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық артқан. Бұл жанармай құнына, тасымалдау бағасына және жалпы әлемдегі инфляция деңгейіне ықпал етуі мүмкін. «Қара алтын бағасы былай шарықтай берсе, энергия ресурстарын импорттайтын елдердің экономикасына қысым түсуі ықтимал», — дейді мамандар.
АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес үдеп барады. Әлемдегі екі ірі экономиканың арасындағы бәсекелестік Тайвань мәселесі мен технология саласына қатысты болып отыр. АҚШ озық технологиялар мен жартылай өткізгіштердің Қытайға жеткізілуін шектеуге тырысса, Бейжің өз технологиялық мүмкіндіктерін дамытуға басымдық беруде. «Бұл тек екі елдің қарым-қатынасына ғана емес, әлемдік сауда мен экономикаға да кері әсер етуі мүмкін», — дейді сарапшылар. «Енді жуырда болатын АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі сауда, технология және халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты маңызды шешімдерге жол ашуы мүмкін», — деп топшылайды мамандар.
Индонезия жағалауында жолаушылар кемесі суға батты. Ява теңізінде бортында 243 адам болған кеме дауылға тап болып, апатқа ұшырады. Соңғы мәлімет бойынша, 107 адам құтқарылып, алты адам қаза тапқан. Қалған жолаушыларды іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Апаттың нақты себептері мен кеменің техникалық жағдайы да анықталуда. Алдын ала болжам бойынша, апатқа ауа райының қолайсыздығы себеп болуы мүмкін.
Калифорнияда орман өрті өршіп тұр. Жаз шыққалы 317 мың акрдан астам жер өртеніп кеткен. Қазір өңірде шамамен 25,4 мың акр аумақ отқа оранған. Құтқарушылар оның 27%-ын оқшаулады. Ал солтүстік Калифорнияда басталған орман өрті 4 мың акр аумақты шарпыған. Оның 15%-ы оқшауланған. Кейбір аудандада тұрғындар эвакуациялана бастады. Мамандардың айтуынша, қызыл жалынның тез тарауына құрғақ ауа райы, аптап ыстық және қатты жел әсер етіп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал