Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Жасанды интеллект дәстүрлі фильм өндірісін алмастыра ала ма? Елордада 1-3 қазан аралығында Astana AI Film Festival өтеді. Байқауға 125 елден жасанды интеллект көмегімен әзірленген 8 мыңнан астам жұмыс келіп түскен. Бұл –шамамен 100 мың минут. Алғашқы халықаралық жарыстың жалпы жүлде қоры – 2 млн АҚШ доллары.
Жасанды интеллект енді кино өндірісіне де белсенді еніп жатыр. AI (эяй) креаторлар жасаған тың туындылар Астанада өтетін AI-фильмдер байқауында көпшілік назарына ұсынылмақ. Кино саласының мамандары генеративті технологияның көмегімен күрделі көріністерді жасап, визуалды тіл мен драматургияда тың тәсілдерді қолданған.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Жасанды интеллект дәстүрлі киноны алмастыра ма? Бүгін бұл сұраққа жоба ұйымдастырушылары жауап берді. Айтуларынша, болашақта дәстүрлі киноның көлемі азаюы мүмкін. Өйткені енді қымбат декорация мен күрделі түсірілімнің бір бөлігін жасанды интеллект арқылы жасауға болады. Бұл өз кезегінде шығынды азайтып, ал ең бастысы қазақстандық киноны жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
АЛМАС ЖӘЛЕЛ, ASTANA FILM FESTIVAL КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Голливудтың монополиясы AI-дың келуімен кетеді деген концепция бар. Біз қазір 8 мың киноның мың шақтысын көрдік. AI екенін ажырату қиын сахналар да бар.
Продюсер Алмас Жәлелдің айтуынша, жасанды интеллект кино өндірісін әлдеқайда ілгерлетуге мүмкіндік береді. Демек, AI арқылы жасалған фильмдердің Голливуд өнімдерінен асып түспесе, кем болмайды. Astana AI Film Festivalіне әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім түскен. Олардың дені АҚШ, Қазақстан, Оңтүстік Корея мен Жапония еліне тиесілі.
АЙЗАТУЛЛА ХУСЕЙН, ASTANA FILM FESTIVAL КРЕАТИВ ДИРЕКТОРЫ:
— Байқауға қатысушылардың басым бөлігі болашақ тақырыбын таңдаған. Әсіресе роботтар, жасанды интеллект және адамзаттың ертеңі туралы ғылыми-фантастикалық фильмдерге сұраныс жоғары. Тіпті осы жанрдың өзіне 3 мыңнан астам өтінім түскен.
Жалпы жүлде қоры – 2 миллион АҚШ доллары. Оның тең жартысы ең әлеуетті AI-командаларға инвестиция ретінде бөлінбек. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл Қазақстанда жаңа халықаралық креаторлар қауымдастығын қалыптастыруға жол ашпақ. Фестивальде үздік туындыларды кино, технология және инвестиция саласының сарапшыларынан құралған халықаралық әділ қазылар алқасы анықтайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.