Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Солтүстік Қазақстан облысында үй құсы белгісіз індеттен жаппай қырылып жатыр. Қызылжар ауданына қарасты Шаховское елді мекенінде бір аптадан бері шамамен 14 мыңға жуық қанатты өлген. Мамандар өлекседен сынама алып, сараптамаға жөнелтті. Шығынға батқан ауылдағы ағайынға қолдау бола ма?
Қала іргесінде орналасқан Шаховское ауылының тұрғыны Нина Пискунова қарызданып, қаз сатып алған. Екі айдан астам уақыт асырап-баққан қанаттылар қазір бірінен соң бірі қырылып жатыр. Қажет дәрі-дәрмек берген. «Бірақ нәтиже болмай тұр», — дейді ол.
НИНА ПИСКУНОВА, ШАХОВСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Қаздың 300 балапанын алған едік. Екі ай бойы жақсы өсіп-жетілген. Енді жаппай қырылып жатыр. Ертең берешегімізді қалай қайтарамыз? Соңғы бірнеше күнде 200-ге жуығы өліп қалды.
Абдұлсамат Досанов та шығынға белшеден батқан. Айтуынша, ауылды белгісіз инфекция жайлап барады.
АБДҰЛСАМАТ ДОСАНОВ, ШАХОВСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бір түнде 57 құсым өлді. Кешкісін қораға кіргізген кезде бәрі жақсы еді. Таңертең қарасақ, осындай жағдай. Бүгінде үйдегі 250 қаздың тек 80-і ғана қалды. Оның өзінде көбі аурып тұр.
Шаховское ауылында 250-ден астам үй бар. Халықтың дені құс ұстап, күнелтуде. Бірақ бұқара олардың нақты неден өліп жатқанын біле алмай дал.
НИКОЛАЙ ФОМИН, ШАХОВСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Бізге өзі өтемақының да керегі жоқ. Халық тек шындықты білгісі келеді. Нақты бұл не деген ауру? Болашақта құс ұстауға бола ма, жоқ па? Осылай өле берсе, шығынға батамыз ғой.
Ал ветеринарлар өлекселерден сынама алып, оны ұлттық референттік орталыққа сараптамаға жіберген. Жауаптылардың сөзінше, бүгінге дейін бір ғана ауылда 14 мыңға жуық құс қырылған.
ЖАНАТ ӘМІРЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Бұл қанаттылар Башқұртстан республикасынан әкелінген. Олардың ветеринарлық ілеспе құжаттары жоқ. Тексеріс кезінде құс тұмауы белгілері байқалмайды. Тыныс алу жолдары таза, мұрнынан су ағып жатқан жоқ. Пастереллез ауруына күдік бар. Бірақ мұның бәрі зертхана қорытындысынан кейін анықталады.
Сараптама бір аптадан кейін дайын болады. Еске салайық, былтыр да осы Шаховское ауылында үй құсы жаппай қырылған болатын.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.