Қазақстанда криптовалютамен есеп айырысатын күн жақындады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Криптовалютамен есеп айырысатын күн алыс емес. Бүгінде криптокарта, крипто-QR сияқты сервистер іске қосылған. Алдағы уақытта қазақстандық стейблкоиндермен тауар және қызмет ақысын төлеуге, шетелге ақша аударуға болады. Қысқасы, елімізде цифрлық активтер нарығы заңдастырылып келеді. Үкімет отырысында цифрлық активтер саласын дамыту мәселелерін талқылады. Жаңа төлем құралының артықтышылығы неде?
Цифрлық активтер енді экономикаға енгізіле бастады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, 65 іс шарадан тұратын жоспарды бекітті. Ол 10 бағытты қамтиды. Құжатта жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылым жобаларын токендеу, цифрлық теңгені дамыту, майнингті реттеу және халықаралық есеп айырысуда цифрлық активтерді қолдану қарастырылған. Бұл заңмен жүйелі түрде реттеледі.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫ:
— Осы жылы банктер туралы жаңа заңнама шеңберінде цифрлық активтер саласындағы ауқымды реформа жүргізілді. Заңнамаға алғаш рет цифрлық қаржы активтері, оның ішінде стейблкоиндер, токенделген нақты активтер, және қаржы құралдары енгізілді. Оларды шығару сақтау, иелерінің құқықтарын есепке алу талаптары сондай-ақ қамтамасыз етілмеген, цифрлық активтердің заңды айналым периметрі айқындалды.

Ал Ұлттық стратегиялық крипторезерв көлемі қазірдің өзінде 700 миллион долларға жеткен. Криптовалюта мен токен нарығы дамыған сайын, алаяқтықтың жаңа түрлері де көбейген. Үкімет басшысы бұған сақ болуға шақырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:
— Осы айда Қаржы мониторингі криптовалюта түрінде шағын несие беру деген желеумен заңсыз әрекеттің жолын кесті. Өкілетті органдар алдағы уақытта да азаматтардың цифрлық ортада қорғауды қамтамасыз етуі қажет. Бұған жаңа Конституцияда кепілдік берілген.

Журналистермен болған брифингте қаржылық реттеу комитетінің өкілі цифрлық ақшаны енгізудегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, алаяқтардың арбауына түспеудің тиімді жолы – криптовалютамен айналысатын компанияларды міндетті түрде тексеру. Ең маңызды шарт – лицензиясының болуы.

ЕРКЕҒАЛИ ЕДЕНБАЕВ, ҚҚР КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Криптовалютаға ақша салмас бұрын, күмәнді ұсыныстардан аулақ болыңыз. Егер сізге цифрлық активтерге қатысты қаржылық қызмет ұсынса, компанияның лицензиясы бар-жоғын міндетті түрде тексеріңіз. Барлық ақпарат AFSA-ның ресми сайтында бар. Бұл тізім үнемі жаңартылып отырады.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қазақстанда цифрлық активтер нарығы біртіндеп заңды айналымға көшіп жатыр. Қазір криптовалютаны айырбастайтын үш оператордың лицензиясы бар. Тағы бес компания лицензия алуға өтініш берген. Демек, алдағы уақытта криптовалютаны күнделікті төлемге пайдалану мүмкіндігі де кеңеюі ықтимал. Қазірдің өзінде криптокарта мен крипто-QR қызметтері қолжетімді.

Сарапшылардың бағалауынша, қазақстандықтарға тиесілі криптовалютаәмияндардың саны әлем бойынша шамамен бір миллионнан асады. Бұл қаржылық операциялардың едәуір бөлігі әлі де шетелдік платформалар арқылы жасалатынын аңғартады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал