Ұлттық банк бөліп төлеуді де несие тарихына енгізуді ұсынды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Енді көрінбейтін қарыз мүлде болмауы мүмкін. Ұлттық банк бөліп төлеу және BNPL, яғни сатып алып, кейін төлеуді кредиттік бюро базасына енгізуді көздейді. Ұсынысты қоғам талқысына салып отыр. Себебі қазір клиенттер бірнеше бөліп төлеуді қатар рәсімдей береді, бірақ жаңа қарызды банк көрмейді. Ал бұл қарыз жүктемесіне тікелей әсер етеді. Бұған халық не дейді, сарапшы пікірі қандай?
Бұл – BNPL сервистері, дүкендер, сатушылар және басқа да қаржылық емес компаниялар арқылы рәсімделетін бөліп төлеулер. Мұндай міндеттемелер кредиттік тарихта көрсетілмейді. Соның салдарынан адамның нақты борыштық жүктемесі банк көріп отырған көрсеткіштен әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Ұлттық Банк мұны «жасырын берешек» тәуекелі деп атап, клиенттің қарызға белшеден батуының алдын алмақшы.

НҰРБОЛАТ САХИЕВ, ҰЛТТЫҚ БАНК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:
— Ұлттық банк бөліп төлеу мен BNPL нарығына қатысты дискуссиялық құжатты жария етті. Сол құжаттағы нақты талаптар мен тетіктер ортақ талқылау кезінде пысықталады. Бұл мәселе бойынша әзірге қандай да бір нақты шешім қабылданды деуге ерте. Жаңа бастама мақсатты түрде ашық талқылауға шығарылып отыр. Ұлттық банк сол арқылы басқа да реттеушілер мен нарық қатысушыларының пікірін ескере отырып, жалпыға ортақ әрі тиімді шешім табуды көздейді.

«Сатып алып, кейін төлемес бұрын клиент жайлы мәліметті кредиттік бюроларға беру, төлем қабілетін тексеру азаматтардың өздері үшін де маңызды», — дейді сарапшылар. Олар Ұлттық банк ұсынысын қолдап отыр.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:
— Негізінен Ұлттық банк тарапынан жасалып жатқан іс-шараны біз қолдаймыз. Өйткені бұл –«көрінбейтін қарыз» дәуірінің аяқталып келе жатқанының белгісі. Меніңше, бұл жердегі ең маңызды қағида адам қандай формада қарыз алса да, мұның барлығы да өзінің қаржылық мүмкіндіктеріне сай жасалуы керек. Өйткені пайызсыз деген қарызсыз деген мағынаны білдірмейді.

Тағы бір маңызды жайт, мұндай бөліп төлеулер жеке тұлғалардың банкроттығы кезінде де есептен тыс қалады. Ал кейбір азаматтар үшін мұндай міндеттемелердің көлемі айтарлықтай көп болуы мүмкін. Бөліп төлеу тұрғысында тұрғындардың пікірін де тыңдаған едік.

Ұлттық Банктің қоғамдық талқылауға шығарылған бұл ұсынысы қарашаның үшіне дейін қаралады. Осыдан кейін бұл өзгеріс көпшілік тарапынан құпталса, қазіргі қалыптасқан жүйе өзгеруі мүмкін.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал