Кореяға ресми сапар: қандай келісімдерге қол жеткізілді?

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Президент Корея Республикасының премьер-министрімен кездесті. Жиын барысында тараптар екіжақты әріптестікті нығайту жағын сөз етті. Мемлекет басшысы Қазақстанның Кореямен ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға бейіл екенін растады. Ал премьер-министр Хан Сон Сук Корея Республикасы өзара байланыстарды одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.
Сеулдегі келіссөздер Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық әріптестіктің жаңа кезеңін айқындап берді. Екі ел өзара сауда айналымын екі есе арттырмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Премьер-министрі Хан Сон Сукпен кездесуде мемлекеттер алдында осындай міндет тұрғанын атап өтті. Қазақстан қосылған құны жоғары тауарлардың үлесін арттырып, корей өндірісін елде локализациялауға және бірлескен өнімді үшінші нарықтарға шығаруға мүдделі. Осы үшін 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасын, сондай-ақ өндірістік кооперацияның жеке жол картасын әзірлеу ұсынылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ6 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Күн тәртібінде екіжақты тауар айналымын екі есе арттыру міндеті тұр. Ол үшін көлемді ұлғайтып қана қоймай, сауданың құрылымын өзгертіп, қосылған құны жоғары тауарлар номенклатурасын кеңейте түсу қажет. Сондықтан Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын әзірлеу өте өзекті деп білемін. Сонымен қатар локализациялау және өнімді үшінші нарыққа шығару бойынша перспективті жобаларды қамти отырып, өндірістік кооперацияның жеке жол картасын дайындау маңызды деп санаймын.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында сөз сөйледі. Корея Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді корей капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді. «Біз қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, достық әрі серіктестік байланыстарды барынша нығайтуға ниеттіміз», — деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ынтымақтастығында энергетика саласы да маңызды екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстанның жер қойнауында аталған стратегиялық ресурстардың мол қоры бар. Бұл өндірістің озық салаларында және басқа да табысы жоғары секторларда қазақ-корей ынтымақтастығын дамытуға жол ашады. Қазақстанның қазба байлықтарын игеруге Корея тарапы инвестиция салып қана қоймай, технологиялық тәжірибесімен бөліскенін де қуана құптаймыз. Бұл ретте қосылған құны бар толыққанды өндіріс тізбегін бірлесіп дамыту үшін «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынамыз. Алматы қаласында ашылатын Сирек кездесетін металдар саласындағы технологиялық ынтымақтастық орталығы жаңа үлгі аясындағы серіктестікті қалыптастырудың қисынды қадамы болмақ. Ғалымдардың ортақ ізденісінің нәтижесінде ресурстық базаны зерттеу жұмыстары нақты өнеркәсіп жобасына ұласады деп сенеміз
ХАН СОН СУК, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Қазақстан – Корея Республикасының Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Негізгі инвестициялық серіктесі. 30 жылдан астам уақыт ішінде қалыптасқан берік сенімге сүйене отырып, озық технологиялар мен болашақ инновациялар жолындағы жаңа бағытты ашу қажет. Егер Қазақстанның мол ресурстары Кореяның озық технологияларымен ұштасып, байытудан бастап, жоғары технологиялық материалдар өндіруге дейінгі сындарлы маңызды минералдарды толыққанды өнеркәсіпті экожүйесін бірлесіп құра аламыз.

Бұл бағыт ірі корей компанияларымен өткен келіссөздерден нақты байқалды. Hyundai Қазақстандағы автокөлік өндірісін тереңірек локализациялап, экспорттық әлеуетін арттыруға ниетті. Тараптар Батыс Қазақстан облысында газ өңдеу зауытын салу және Hyundai Tucson-ның жаңа моделін Қазақстанда өндіру жөніндегі келісімдерге қол жеткізді. Hanwha-ға Қазақстанды Орталық Азия нарығына шығатын технологиялық алаң ретінде пайдалану ұсынылды. Ал KIND-пен Алатау қаласын дамыту, көлік инфрақұрылымы мен инвестициялық жобалар талқыланды. Сонымен қатар, тараптар жасанды интеллект пен жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге де ниетті.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал