AI мектепке енгізілді: құжаттан сабаққа дейінгі жұмыс жеңілдеді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Жасанды интеллект енді тек телефондағы чат-бот немесе болашақтың технологиясы емес. Бүгінде ол – мектептегі күнделікті қажет дүниенің бірі. Жасанды интеллект директорға құжатпен жұмысты жеңілдетіп, мұғалімге сабақ дайындауға, ал оқушыға күрделі тақырыптарды мүлде жаңа форматта меңгеруге көмектесіп жатыр.
Алматыдағы №216 мектепте жасанды интеллект мектептің күнделікті жұмысына кірігіп кеткен. Ең алдымен, ол мектеп басшылығының жұмысын жеңілдетіп отыр. Бұрын директордың уақытын алатын құжаттар, жоспар мен түрлі есеп енді цифрлық жүйенің көмегімен әлдеқайда жылдам дайындалады.

ГҮЛНАЗ ТҰҢҒЫШБАЕВА, №216 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Балаларға ЖИ-ді сауатты түрде қолдануды үйретуіміз керек. Негізгі тапсырма сол, қазіргі таңда соны шатастырып алып жатыр.
Ал мұғалім үшін жасанды интеллект – уақыт үнемдейтін көмекші. Ол сабақ жоспарын құрып, тест тапсырмаларын, сызба, инфографика мен көрнекі материалдарды жылдам дайындауға мүмкіндік береді.

Мұғалім тапсырма береді – аватар жауап береді, материал көрсетеді.
Жасанды интеллект сабаққа дайындықпен ғана шектелмейді. Цифрлық ассистент мұғаліммен бірге сабақтың өзіне қатысып, тақырыпты түсіндіреді, сұрақтарға жауап береді және материалды көрнекі түрде ұсынады.

БАҚЖАН ӘЛІҚҰЛ, ИНФОРМАТИКА ПӘНІ МҰҒАЛІМІ:
— Мен ЖИ құралдарын сабақ жоспарын жасауға, тесттерді генерациялауға, инфографика, сызба, суреттер жасауға қолданамын. Осы жаңа оқу жылынан бастап іске қосылған ЖИ-тақтасы бар, мұны сабақта қолданып бастадым. Өте көп көмегін тигізіп жатыр, ол арқылы оқушыларға сызбаларды визуалды түрде көрсетемін.

Жасанды интеллект оқушының сабақты қабылдау тәсілін де өзгертіп жатыр. Телефонды арнайы текшеге жақындатқан сәтте оқу материалы экранда үш өлшемді форматта көрінеді. Күн жүйесі, адам ағзасы секілді күрделі тақырыптарды балалар жай оқып қана қоймай, визуалды түрде зерттей алады. Мұндай тәсіл күрделі ұғымдарды түсінуді жеңілдетіп, сабаққа деген қызығушылықты арттырады.

Бұл мектепте жасанды интеллект бірден бірнеше міндетті атқарып отыр. Бастысы, технология адамның орнын басу үшін емес, білім беру процесін тиімді әрі қызықты ету үшін қолданылуда.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал