Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қарағанды хайуанаттар бағы жараланған және табиғатта өздігінен тіршілік ете алмайтын жануарларды паналатып келеді. Жуырда мұнда Қызыл кітапқа енген жамансары жеткізілді. Жаралы құсты мамандар Маңғыстау облысынан тауып алған. Қазір ол біртіндеп сауығып, жаңа ортаға бейімделе бастады. Бұған дейін мұнда ителгілер мен алты бүркіт әкелінген болатын.
Қарағанды хайуанаттар бағының жаңа тұрғынына қазір ерекше күтім жасалып жатыр. Бір жасар жамансары Маңғыстау облысындағы Жетібай кен орнының аумағынан табылған. Құстың денесі мұнайға былғанып, қанаты сынған. Оның тірі қалуы екіталай еді. Алайда қарағандылық орнитологтер оны аман алып қалды. Бірақ құстың бір қанатын кесуге тура келіпті.
АЛИНА ШӘРІПОВА, ОРНИТОЛОГ-ДӘРІГЕР:
— Құс өте ауыр жағдайда табылған. Бізге жеткізілген кезде денесі қатты қызып кеткен еді. Оң қанаты жарақаттанған. Алдымен, жағдайын тұрақтандыру үшін ұзақ уақыт ем жүргізіп, содан кейін ғана операцияға дайындадық. Оның үстіне, өздеріңіз көріп тұрғандай, жұмсақ тіндері жансыздана бастаған.
«Жамансары әлі жас болғандықтан, оның ұрғашы не еркек екенін анықтау әзірге мүмкін болмай отыр», — дейді мамандар. Сондықтан оған ат та қоймаған. Хайуанаттар бағының қызметкерлері жаңа тұрғынның тезірек жерсініп, қыс түскенше салмақ қосатынына үміттенеді.
ГҮЛНАР АДАМБАЕВА, ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Біздің зоологиялық саябақта мекендеп жатқан қанаттылардың бәрі табиғи ортадан әкелінген. Олардың арасында бірқазан, аққу, дала қыраны, күшіген және басқа да құс түрі бар. Бұл құстар түрлі себеппен табиғатта өздігінен тіршілік ете алмай, қамқорлығымызға алынды. Яғни біз оларға екінші өмір сыйлап отырмыз.
Ақпан айында мұнда уақытша паналату үшін 40-қа жуық сирек кездесетін жыртқыш құс әкелінген. Оны құзырлы орган өкілдері браконьерлерден тәркілеп алған. «Олардың арасында ителгі және алты бүркіт болды», — дейді мамандар. Жалпы соңғы 10 жылда бұл хайуанаттар бағына табиғатқа қайта жіберуге келмейтін 130 құс паналаған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.