Қарасай ауданында оқушылар жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектепте оқып жатыр

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Қарасай ауданының Іргелі ауылы тұрғындары балаларының денсаулығына алаңдаулы. Алматы облысына қарайтын мектеп жаңа оқу жылына дайын болмай шықты. Жөндеу жұмыстарының аяқталмағанына қарамастан, онда оқушылар білім алған. Яғни құрылыс жұмыстары қабаттасып, балалар шаң-тозаң және бояу иісін жұтқан. Құрылыс неге созылды?
Кеппеген сырдың иісі мен аппақ шаң. Оқушылары осы айдың басынан бері осындай жағдайда оқып келген. Ата-аналардың айтуынша, бірнеше күн қатарынан балалардың басы ауырып, жүрегі айнып, өздерін жайсыз сезінген. Тіпті 8 оқушы дәрігерге қаралып, біреуі ауруханаға жатқызылған.

АЙМАН ТОҚЫШЕВА, ОҚУШЫНЫҢ АНАСЫ:
— Бала мектепте өзін жайсыз сезінді. Сосын жедел жәрдем шақыртылды. 14 қыркүйек күні таңертең тағы сегіз оқушы денсаулығына шағымданған. Ал менің балам ауруханаға түскен күні медицина қызметкерлері мұнда үш рет келген екен.
Ата-аналар қауіпсіздік талаптары сақталмағанын айтып, бұған дейін де бірнеше рет шағымданған. Алайда мектеп әкімшілігі тиісті шара қолданбапты.

ЕКАТЕРИНА ВАЗЕМИЛЛЕР, ОҚУШЫНЫҢ АНАСЫ:
— Облыстық деңгейдегі басшыларға дейін ескертілді. Бірақ ешқандай әрекет болмады. Мәселе – санитарлық талап пен қауіпсіздік нормаларының бұзылуында. Олар бәрін біле тұра балаларды осындай жағдайда оқытуды жалғастыра берді.

Мектеп әкімшілігінің сөзінше, ата-аналарға жөндеу жұмыстары туралы және оқу процесінің қалай ұйымдастырылатыны жайлы алдын ала хабардар етілген. Қазір жоғары сынып оқушылары қашықтан білім алуда. Ал бастауыштың балалары басқа ғимаратқа ауысты.

ГҮЛБАНУ ҚАЛТӨРЕ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Тамыз айында ата-аналар жиналысы болды. Ата-аналар жиналысында бұл мәселенің барлығы келісілді. Үш ауысымды және сабақтың 30 минуттан болатыны. Аудандық білім бөлімі 30 минутқа рұқсат беріп, барлығы ата-аналармен келісілді. Бұл хаттамада бар.

Қазір осы мәселеге қатысты арнайы комиссия құрылып, жөндеу жүріп жатқан корпус жабылды.

ӘРКЕН КЕНЖЕБАЙ, ІРГЕЛІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Округке бекітілген депутаттармен бірге аралап қайттық. Қыркүйек айының аяғына дейін немесе 20-сына дейін оқу кабинеттері толығымен дайын болады. Кішігірім жұмыстары қалады.
Халық кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Олар полицияға, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметіне арыз жазған. Айта кетейік, бүгінде мұнда екі мыңға жуық оқушы бар.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал