Қ. Тоқаев Сеулдегі қазақ этноауылына барды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Президент Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шикпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда заң шығарушы органдардың атқаратын рөліне тоқталды. Ал Чо Чжон Шик Қазақстан Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар мен барыс-келіске көңілі толатынын жеткізді.
Мұнан соң Мемлекет басшысы мен Корея Ұлттық Ассамблеясының Спикері қазақ этноауылына барды. Сеулдің Ханган саябағында орналасқан этноауылда мәртебелі меймандарға қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрі, ұлттық сәндік-қолданбалы өнері, ән-күйі мен мәдени жәдігерлердің заманауи үлгілері таныстырылды. Одан кейін Мемлекет басшысы Кореяда оқып жатқан және еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарымен емен-жарқын әңгімелесті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстанда болып жатқан өзгерістерді жақсы білесіздер. Ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Жаңа Колнституцияны қабылдадық. Еліміз жаппай, халқымыз құптай отырып дауыс берді. Конституциямыз халқымызға ұзақ уақыт бойы қызмет етеді деп ойлаймыз. Жаңа Парламент сайладық, Құрылтай 145 депутаттан тұратын болды. Олардың ішінде ұлты корей қазақша сөйлейтін депутаттар бар. Сондықтан біз екі ел арасында достықты дамытамыз, үлкен-үлкен жобаларды жүзеге асырамыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне қатысты. Президент басты бағыт ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық мәселесін атады. Энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына назар аударып, Қазақстан көмірсутегі өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың санатына кіретінін, жыл сайын елімізде 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндірілетінін айтты. Еліміз Кореяның сутегі энергетикасын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Президенттің айтуынша, бұл бағытта бірқатар бірлескен жоба пысықталуда. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән берді. Аса маңызды минералдар саласындағы серіктестікті күшейту де ұсынылды. Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі және аймақтағы экологиялық теңгерімді сақтау мәселесін көтерді. Президент көлік-логистика әлеуетін нығайтуды тағы бір басымдық деп санайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазақстан өз аумағы арқылы тасымалданатын транзиттік жүк көлемін 100 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға айрықша мән береміз, оны Орта дәліз деп те жиі атайды. Соңғы алты жылда осы көлік дәлізімен тасымалданатын жүк көлемі бес есе ұлғайды. Таяу жылдары бағыттың өткізу қабілетін 20 миллион тоннаға дейін жеткізуге ниеттіміз. Біздің ойымызша, Орта дәлізді көлік саласындағы TRIPP бастамасымен интеграциялауға болады. Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы арқылы Орталық Азия мультимодальді жолдарымен жүк жеткізетін Кореяның да аталған координаттар жүйесіне қатысы бар. Сондықтан бұл бағыттардың әлеуетін біріктіріп, Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистика тізбегін қалыптастыруға болады деп ойлаймын. Осы орайда, Пусан порты мен Каспий айлағындағы Қазақстан порттары арасындағы тәжірибе мен ақпарат алмасу бағытындағы тығыз ынтымақтастық жаңа мүмкіндікке жол ашады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал