QazPost SuperApp арқылы үйден шықпай-ақ көптеген қызметті пайдалануға болады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Қазір заман ағымынан қалыс қалмау маңызды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазпошта» десе, көз алдымызға тек сәлемдемелер мен хаттар келетін. Ал бүгін компания жұмыс жүйесін түбегейлі өзгертіп жатыр. Қазір поштаның мобильді қолданбасы үлкен суперапқа, яғни бірыңғай цифрлық платформаға айналды. Онда тек пошта қызметі емес, банк картасын ашу, ақша аудару, төлем жасау сияқты ондаған пайдалы қызмет бар. Қысқасы, «Қазпошта» үлкен цифрлық жүйеге айналып келеді.
«Қазпошта» ертеден хат пен сәлемдеме жеткізуде басты құрал болды. Бүгін де солай, тек қазір қызмет көрсету түрі мүлдем өзгерді. Мысалы, тұтынушы үйден шықпай-ақ зейнетақысын алып, тапсырыс жібере алады немесе сәлемдемесін трекермен өзі бақылайды. Бұл тек ел ішінде емес, шетелдік бағыттар үшін де қолжетімді. Осыған байланысты мобильді қолданба да түрленді: дизайны өзгеріп, жұмысы жылдамдады. Енді мұнда шот ашып, депозит басқаруға болады, ал барлық ішкі жүйе толық автоматтандырылған.

ТАЗАБЕК ҚҰРАҚБАЕВ, «ҚАЗПОЧТА» АҚ «АЛО» ФИЛИАЛЫ ӨҢІРЛІК ДИРЕКТОРЫ:
— Қазіргі уақытта бүкіл жұмыс процесі цифрландырылған. Оның ішінде қабылдау, сұрыптау және жіберу. Ол 30% жұмыс уақытын үнемдейді.
Бүгінде QazPost SuperApp арқылы күнделікті мәселелерді бір жерде шешуге болады. Мысалы, шетелден тауар алдыру үшін «QazPost Керуен», ал кедендік төлемдер үшін «QazPost Keden» сервистері іске қосылған. Ақшаны басқару да тиімді.

ҚАНАТ ДЫБЫСПАЕВ, QAZPOST DIGITAL БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Біз жаңа төлем құралдарын дамытып жатырмыз. Мысалы, QR-төлемді іске қостық, телефон нөмірі арқылы тез ақша аудару жүйесін жасадық. Біздің басты мақсатымыз клиент әр қолданбаны бөлек іздеп әуре болмауы керек. Барлық күнделікті қызмет бір жерде, ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс

Компания алдағы уақытта бес бағытқа басымдық береді. Бұл – қаржылық өнімдерді көбейту, интернет-дүкендермен жұмыс, әр тұтынушы талабын орындау, бизнеске көмектесу және басты мәселе – қауіпсіздік.

ҚАНАТ ДЫБЫСПАЕВ, QAZPOST DIGITAL БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Қолданба ішінде қызмет түрлері көбейген сайын, қауіпсіздікке қойылатын талап та артады. Сондықтан біз ІТ-архитектура мен деректерді қорғау жүйесін қатты қадағалап отырмыз. Біздің мақсатымыз – клиент басқа ешқайда өтпей-ақ, бір қолданба ішінде бәрін сатып алып, төлеп, қабылдап және жолдай алатын жағдай жасау.
Бұл жұмыс нәтижесі статистикада анық көрінеді. Бүгінде қолданбада 900 000 адам тіркелген. Оның жарты миллионы – тұрақты пайдаланушы. Күнделікті суперапқа 25 мыңнан астам клиент кіреді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал