Самарқандта 46-шы дүниежүзілік шахмат олимпиадасы басталды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Самарқандта 46-шы дүниежүзілік шахмат олимпиадасы басталды. Байрақты бәсекеге 398 команда, 1 974 шахматшы мен 240 гроссмейстер қатысып жатыр. Қазақстан фавориттер қатарында. Әйелдер командасы 2024 жылы Будапештте өткен Олимпиаданың вице-чемпионы ретінде бақ сынап жатыр.
Әйелдер турнирінде еліміздің басты бәсекелесі – Үндістан. Өзбекстанға негізгі құраммен келген ұжым – әлемнің қазіргі чемпиондары. Бұдан бөлек, Грузия, Қытай пен АҚШ командалары да бар. Біздің команда үшін бірінші тақтада тамаша маусым өткізіп жатқан 22 жастағы гроссмейстер Бибисара Асаубаева ойнайды. Бұдан бөлек, құрамада Алуа Нұрман, Меруерт Камалиденова, Елназ Қалиахмет, Зарина Нұрғалиева бар.

АЛЕКСАНДР МОИСЕЕНКО, ШАХМАТТАН ӘЙЕЛДЕР ҚҰРАМАСЫНЫҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:
— Біздің міндетіміз – медаль үшін күресу. Қарсыластардың құрамдарын талдадық. Шамамен он команда – чемпиондық пен жүлделі орындарға үміткер. Сондықтан фавориттермен болатын жекпе-жектерден қашу мүмкін емес. Негізгі бәсекелестердің қатарында: Үндістан, Қытай, АҚШ, Украина, Польша, Грузия және Өзбекстан. Турнир қожайындарының жас әрі өте күшті командасы бар. Олар да жоғары орындар үшін таласады. Көп нәрсе медальға үміткерлер арасындағы бетпе-бет матчтарда шешіледі.

Қазақстан намысын қорғап жатқан бұрымдыларымыз – бұл турнирде басты фавориттердің бірі. Өткен Олимпиадада қыздар «күміс» алды. Биыл «алтынға» үміткерлер тізімінде үшінші тұр.

ЕЛНАЗ ҚАЛИАХМЕТ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Бірінші олимпиадам болғандықтан кішкене қобалжу бар. Бірақ өзім команда үшін ойнағанды жақсы көрем. Көбірек жауапкершілік болады.
ЗАРИНА НҰРҒАЛИЕВА, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Олимпиаданың өте жақсы дайындалдық, жақсы ойнауға тырысамыз. Барлық команда мықты деп ойлаймын.
Ерлер құрамасына келер болсақ, Қазақстан 208 команданың ішінен 34-ші септі алды. Еліміздің бірінші нөмірі – 26 жастағы гроссмейстер Денис Махнев. Қазақстан шахмат федерациясы өкілдерінің айтуынша, биылғы Олимпиададағы басты мақсат – жиырмалыққа кіру.

ДЕНИС МАХНЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Жалпы, оқу-жаттығу жиыны жақсы өтті деп айта аламын. Өз бетімше де, бапкерлермен бірге де жаттықтым. Олимпиадаға деген көңіл күйім керемет, жауынгерлік рухтамын. Жеке мақсат жоқ, өйткені біз командамыз. Сондықтан жай ғана шахмат ойнап, өз деңгейімізді көрсетуіміз керек. Бұл – менің екінші Олимпиадам. Алғашқы рет қатысқанымда қатты қобалжыдым, өйткені ол кезде ең жас ойыншы едім. Қазір есейдім, бұрынғыдай қобалжу жоқ. Тек алға қарай жүріп, нәтижеге ұмтылу деген мақсат бар.
Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы швейцар жүйесімен 11 турда өтеді. Әр команда құрамында 4 ойыншы және 1 қосалқы бар. Уақыт бақылауы классикалық. Матчта жеңіске жеткен құрама екі командалық ұпай алады, тең ойын үшін – бір ұпай. Теңдік болған жағдайда қосымша көрсеткіштер жүйесі қолданылады. Ерлер турнирінің жеңімпаздарына лорд Фредерик Густавус Гамильтон-Рассел кубогы, әйелдер турнирінің жеңімпаздарына Вера Менчик кубогы табыс етіледі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал