Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Тиімсіз шығындар қысқарады. Қаржы дефицитін болдырмай, бюджетті үнемдеу үшін түрлі форум мен семинарды азайту қажет. Яғни басы артық шығынға жол беруге болмайды. Бұл туралы Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстыру кезінде айтылды. Ұлттық қордан 5 трлн теңге бөлінуге тиіс. Қомақты қаражат қандай мақсатқа жұмсалады?
Үш жылдық бюджет таныстырылымы. Еліміз 2027 жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 3,7 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Қаражат көлік инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығын, өнеркәсіп пен құрылысты, кәсіпкерлікті және цифрлық дамуды қолдауға жұмсалады. Құрылтайда бюджет жобасын таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин алдымен бюджет дефицитін қысқартуды негізге алғанын айтты.

АЗАМАТ ӘМРИН, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Бұлардың басым бөлігі халыққа байланысты емес. Бұл мемлекеттік органдардың қызметіне, ұстап күтуіне байланысты шығыстар. Біліктілікті арттыру бойынша бірқатар үлкен сомада қаражат ұсынылған болатын. Біз олар бойынша жоспар жасап, біліктілікті кезең-кезеңімен арттыру бойынша қаражат қарастырдық.
Қазақстан бюджетінің 35 пайызы адами капиталға жұмсалады. Қаражаттың негізгі бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау салаларына, өңірлерді қолдауға жұмсалады.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Тағы 2,6 триллион теңге денсаулық сақтау саласына қарастырылған. Оның 2,2 триллионы кепілдендірілген трансферт ретінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылады. Бұл, атап айтқанда, балаларды, студенттерді, зейнеткерлерді және азаматтардың басқа да жеңілдігі бар санаттарын медициналық сақтандыруға арналған қаражат.

Қазақстанда 2027 жылға арналған бюджетті жоспарлау кезінде доллар бағамына қатысты болжам өзгертілді. Азамат Әмриннің айтуынша, жыл басынан бергі орташа бағам бір доллар үшін шамамен 478 теңгені құрайды. «Енді биылғы динамиканы ескере отырып, биыл 480 теңге деп белгілеп отырмыз», – деді ол. Талқылауға түскен жаңа жоба бойынша Құрылтай депутаттарынан сауал да көп болды. Алайда дайындықсыз келіп, сұраққа жазбаша жауап бермек болған көлік вице-министрі Дамир Қожахметов Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаевадан сөз естіді.

ДӘНИЯ ЕСПАЕВА, ҚҰРЫЛТАЙ ВИЦЕ-СПИКЕРІ:
— Бүгін жауапты вице-министрлерді шақырдық. Бұл – бюджет, Сіздер жатқа білесіздер деп үміттенемін, үш жылдық бюджет жобасы. Оны жақында ғана бекіттік. Бүгін «жауабын жазбаша түрде береміз» деу дұрыс емес. Сондықтан сұрақтарға жауап беретін барлық вице-министрден барынша толық жауап беруді сұраймын. Жазбаша жауаптарға сілтеме жасамаңыздар, өйткені жазбаша жауаптар қабылданбайды. Сұрақ өте қарапайым болды.

Ал алдағы үш жылдық бюджет жобасын бастан аяқ тыңдаған депутаттарда күмәнді сұрақтар да болды. Олар жобаның шикі тұстарын айтып, бюджет қаражатының қалай игерілгенінде емес, нәтижелі жұмсалуында деп атап өтті.

АББАТ ӨРІСБАЕВ, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ:
— Қағаз жүзінде жоспар мен көрсеткіштер бар. Алайда олардың орындалуына келгенде айырмашылық байқалады. Кей жерде жоспар нақты нәтижеге емес, бөлінген қаражаттың толық игерілуіне бейімделгені көрінеді. Яғни алдымен қандай нәтиже қажет дегеннен бұрын қанша қаржы игерілуі керек деген ұстаным басым болып тұр. Бөлінген қаражаттың 97.8 игерілгенімен, жоспарланғаны 67,3 пайызды құрап отыр.

Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражаты есебінен 347 стратегиялық жобаны іске асыруға 5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал