Алға ауданында жаңа амбулатория ашылды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Ақтөбе облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған тағы бір медициналық нысан пайдалануға берілді. Арнайы мемлекеттік қордың қаржысына өңірде барлығы 11 денсаулық сақтау нысаны бой көтерген. Солардың бірі – Алға ауданы Маржанбұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулатория. Нысанның жұмысымен біздің түсірілім тобы да танысып қайтты.
Алға ауданының Маржанбұлақ ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылып, төрт елді мекеннің тұрғындары сапалы медициналық көмекке қол жеткізді. Бұған дейін ауыл халқы ескі әрі тар медициналық пунктке барып келген. Енді бес жарым мыңнан астам тұрғын заманауи ғимаратта дәрігер қабылдауына кіріп, қажетті тексерулерден өте алады. Амбулатория алғашқы медициналық көмектен бастап, профилактикалық тексеру мен күнделікті қабылдауға дейін толық қызмет көрсетеді.

НҰРИСЛАМ РУСЛАН — МАРЖАНБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
— Жаңа, заманауи инфрақұрылымы бар амбулатория ауыл тұрғындарына өте көп пайдасын тигізіп жатыр. Өйткені ауылымыз кішкентай емес.
Жаңа амбулаторияда үш дәрігер мен он медбике қызмет етеді. Дәрігерлердің бірі Гүлдана Бақытова «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға келген, енді жергілікті тұрғындарды жаңа нысанда қарайды.
Жалпы, мемлекетке қайтарылған активтер есебінен облыс ауылдарында 11 медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункт, дәрігерлік амбулатория салынды. Бұдан бөлек, өңірде аудандық ауруханалардың қосымша корпустарының құрылысы жүріп жатыр.

АСЛАН ЖАРАСБАЕВ, ҚСҚҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
— Биыл біз үлкен қалаларда – Қандыағаш, Шалқар және Хромтау – ауруханаларға жапсарлас құрылыстарды жүргізіп жатырмыз. Ол ғимараттардың ішіне Ақтөбедегідей соңғы үлгідегі МРТ, КТ құрал-жабдықтары орналастырылады.
Соңғы екі жылда арнайы мемлекеттік қордан әлеуметтік нысандар құрылысына шамамен 13,7 миллиард теңге бөлінген. Оның басым бөлігі медицина саласына бағытталды. Сонымен қатар өңірде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған 300 орындық балабақша салынып жатыр. Мектепке дейінгі мекемені биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарланған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал