Қымыз экспорты 80 млн долларға жетуі мүмкін

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Қазақтың ұлттық сусыны қымыз бен шұбатқа сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Оны әлемдегі табиғи сүт өнімдеріне деген қызығушылықтың өсуінен де байқауға болады. Сарапшылардың болжамынша, 2028 жылы Қазақстанда өндірілген табиғи сүт өнімдерінің жылдық экспорты 80 миллион АҚШ долларына жетуі мүмкін.
Еліміздегі табиғи сүт өнімдерінің экспортын арттыруға жәр жәннаты Жетісу өңіріндегі ұлттық сусын өндірушілер де зор үлес қоса алады. Мәселен, Іле ауданына қарасты Байкент ауылының тұрғыны Асқар Жиенбаев он жылдан бері желіге құлын байлап, бие сауып отыр. Оның мамандығы – тағамтанушы. Кәсіпкер 15 биеден күніне 100 литрдей саумал алады. Ол осылайша дертке дауа, жанға шипа болған ұлттық сусынның жылдық көлемін 7 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

АСҚАР ЖИЕНБАЕВ — КӘСІПКЕР
— Таңғы 6-дан кешкі 8-ге дейін әр екі сағат сайын сауамыз. Әр уақытқа жазылып қойған адамдары келіп ішіп отырады. Артық кісі келсе жетпей қалады. Сондықтан сұраныс жақсы.
Бүгінде кәсіпкердің шағын шаруашылығына барып, саумал ішушілердің қарасы көбейе бастаған. Өйткені ұлттық сусын көптеген ауруға шипа. Әсіресе жаңа сауылған саумал асқазан, ішек жолдары аурулары мен әлсіздікке мың да бір ем. Сондай-ақ ол ағзаны дәрумен жетіспеушілігінен арылтады.
Алматы облысы ұлттық сусын мен салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында жыл сайын Кеген ауданындағы Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық» этнофестивалін ұйымдастырып келеді. Өңір шұбат экспорты бойынша да алдыңғы қатарда тұр. Іле ауданында ай сайын 30 тонна құрғақ түйе сүті өндірілсе, соның 80 пайызы көршілес Қытайға экспортталады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал