Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Ақтөбе облысында жойқын дауылдан зардап шеккен Қарауылкелді ауылы біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр. Елді мекенде болған табиғи апат салдарынан ондаған үй тұруға жарамсыз болып қалған еді. Қазір олардың орнына жаңа баспана тұрғызылуда. Тағы 220 үй жөндеуді қажет етеді.
Байғанин ауданындағы Қарауылкелді ауылын биыл 9 шілдеде жойқын дауыл жайпап өткен еді. Қатты желден кейін өңірде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, үш адам зардап шекті. Табиғи апат салдарынан 300 нысан бүлініп, оның ішінде 220-дан астам тұрғын үйге зақым келген. Техникалық тексерістен кейін тұруға жарамсыз деп танылған 73 үйді толықтай қайта салу туралы шешім қабылданды. Құрылыс жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатыр.
ҒАЛИЯ ТІЛЕУМАҒАНБЕТОВА, ҚАРАУЫЛКЕЛДІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Жаңадан үй салып беріп жатыр, документтерімізді тапсырдық. Жалғызбасты анамын, 5 балам бар. Аллаға шүкір, тамыз айында бастады, қазір төбесі жабылып, терезелері қойылды. Көп рақметімді айтамын.
Дауылдан тұрғын үйлер ғана емес, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар да зардап шеккен. Жалпы, 14 әлеуметтік мекеме, 24 кәсіпкерлік нысан және 6 әкімшілік ғимаратқа зақым келген. Қазір үш мектеп пен үш балабақшада жөндеу толық аяқталды. Ал мектеп-интернат пен техникалық колледжде ағымдағы жөндеу жалғасып жатыр. Сонымен қатар аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен шатыры толық жарамсыз болып қалған Жастар ресурстық орталығында күрделі жөндеу жүргізілуде.
АЙБЕК КӨПЕНОВ, БАЙҒАНИН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Байғанин ауданы көлемінде жергілікті деңгейде табиғи сипатта жарияланған төтенше жағдайдың алдын алу, шығындарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы құрылған комиссия барлық шығынды есептеді. Бүгінгі күні бағалау есебіне сәйкес 220 жеке тұрғынға бүлінген мүлкі үшін өтемақы төленді. Сонымен қатар 73 үй қайта салынып жатыр.
Өңірдегі жағдай қазір тұрақталған. Үйлердің құрылысын және қалған қалпына келтіру жұмысын қазан айының соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.