Астанада қоқыс сұрыптайтын пунктілер аз: эко-белсенділер не дейді?

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу мәселесі әлі де өзекті. Астанада қалдық қабылдайтын пункттер аз, ал экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін жүйелі жұмыс қажет. «Stop Musor» әлеуметтік жобасының қорытынды шарасында сала мамандары осылай мәлімдеді. Мемлекет бұл бағытты дамытуға қомақты қаражат бөліп отыр. Экологияны сақтауға қандай қолдау көрсетіледі, эко-белсенділердің айтар уәжі бар ма?
Елімізде тұрмыстық қалдықты сұрыптау мен қайта өңдеу көлемін арттыру көзделіп отыр. Экология министрлігінің жоспарына сәйкес, 2030 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтардың кемінде 40 пайызы сұрыпталып, қайта өңделуі тиіс. Үкімет арнайы инфрақұрылымды дамытуға шамамен 185 миллиард теңге бағыттаған. Қаражат қоқысты бөлек жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу жүйесін жаңғыртуға жұмсалады. Бұл қаражатқа қоқыс таситын жаңа көліктер, сұрыптау желілері мен қайта өңдеу зауыттарын іске қосу да қарастырылған.

ЖОМАРТ ӘЛИЕВ, ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Жоба аясында кәсіпкерлерге қаржы жылдық 3 пайызға дейінгі мөлшерлемемен, 3 жылдан 15 жылға дейін беріледі. Қазір бөлінген қаражаттың басым бөлігі инфрақұрылым нысандарын салуға бағытталған. Экологиялық кодекс Еуропа елдерінде қабылданған талаптар мен нормаларға негізделген. Оның аясында халықтың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған бірқатар шара қарастырылған.

Экология вице-министрі Жомарт Әлиевтің айтуынша, қалдықтарды қайта өңдеу үшін жаңа зауыттар салу жеткіліксіз. Халықтың қоқысты сұрыптап, арнайы орындарға тапсыруы да маңызды. Бірақ Астанада мұндай қабылдау пункттері аз. Гүляйхан Төлеубаева жетекшілік ететін компанияда қағаз, пластик және қайта өңдеуге жарамды басқа да қалдықтар қабылданады. Алайда бұл мекеме қаланың шетінде орналасқандықтан, тұрғындарға қоқысын мұнда әкеліп тапсыру оңай емес.

ГҮЛЯЙХАН ТӨЛЕУБАЕВА, LS ASTANA ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Ал 10 қадам жасайтын жерде қабылдау бөлімі болса сіз де, мен де барып тапсырар едім. Оны неге ашпаймыз? Себебі заң жүзінде аша алмаймыз, оған не әкімшілік, не үкіметтегілер рұқсат бере алмайды.
Яғни қалдықты сұрыптағысы келетін тұрғынның өзі оны қайда апарып тапсырарын біле бермейді. Экологтар осы мәселені цифрлық жүйе арқылы шешуді ұсынып отыр. Қалдықтың сұрыпталуы мен қайта өңдеуге жіберілуіне дейінгі үдерісті толық цифрлық бақылауға алу жоспарланған. Қазір Экология министрлігі осы бағытта арнайы ақпараттық портал әзірлеуге кіріскен.
Қоғамда эколгиялық мәдениетті қалыптастыру маңызды. Осыдан алты жыл бұрын қолға алынған «Stop Musor» жобасы нәтижелі. Биыл еліміз бойынша 20-дан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, екі тоннаға жуық қалдық сұрыпталған. Бастамалар 5 миллионнан астам адамды қамтыған. Экологиялық байқаулар да өткізіліп, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тиімді жобалар көпшілікке ұсынылды.

АСЫЛ ОҚАПОВА, «STOP MUSOR» ЖОБАСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:
— Мысалы, киім-кешек өте көп қалады. Олар полигондарға кетеді, полигонға жібермей оларға екінші өмір сыйлауға болады.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып жүрген «Stop Musor» жобасының белсенділері марапатталды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай бастамалар тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттырып, қалдықты сұрыптау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал