Мемлекеттік ақпараттық жүйелер QazTech цифрлық платформасында жұмыс істейді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Елімізде мемлекеттік ақпараттық жүйелер көп ұзамай QazTech бірыңғай цифрлық платформасында жұмыс істейді. Жүйе арқылы мемлекеттік цифрлық қосымшаларды әзірлеу көзделген. Бұл өзгеріс мемлекетке не береді? Оның негізгі міндеті қандай?
Қазақстанда цифрландырудың жаңа кезеңі басталды. Мемлекеттік ақпараттық жүйелер бірыңғай QazTech цифрлық платформасына біріктірілуде. Аталған платформа мемлекеттік жүйелерді бір ортаға жинау, цифрлық сервистерді дайындау және іске қосу үдерісін реттеуі қажет.

АНАР МАҒЗҰМОВА, «ҰАТ» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
— Біз қауіпсіздік мәселелеріне жауап береміз. Яғни әрбір мемлекеттік орган ол үшін қам жемейді. Оған ақша бөлмейді. Барлық керекті модульді осы жерден алып отырады.

Үкімет мемлекеттік ақпараттық жүйелерді QazTech платформасына көшіру бойынша екі жылдық жоспар бекіткен. Оның негізгі мақсаты – бір-біріне ұқсас жүйелердің қайталануын азайтып, ескірген цифрлық өнімдерден бас тарту.
QazTech платформасына 39 жүйені көшіру жоспарланған. Бүгін 10 жүйе платформада толық жұмыс істеп тұр.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖИЦД МИНИСТРІ:
— QazTech платформасына көшкеннен кейін цифрлық сервистер жұмысында іркілістер тіркелген жоқ. Оған нақты мысал – халық үшін ашылатын бірінші сыныпқа қабылдау қызметі. Биыл қызмет QazTech платформасына қайта жинақталды. Екінші ай қатарынан бірде-бір ақаусыз жұмыс істеп тұр. 365 мыңнан астам өтінім сәтті өңделді.

Бұған дейін мемлекеттік ақпараттық жүйелер әртүрлі технологиялық негізде жасалып келді. Енді оларды бірыңғай платформаға көшіру арқылы әзірлеу үдерісін тездету көзделген. Бұл жаңа цифрлық өнімдерді іске қосу уақытын қысқартуға және мамандардың жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

АНАР МАҒЗҰМОВА, «ҰАТ» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
— QazTech-ке көшудің ең басты себебі – технологиялық тәуелсіздік. Яғни біз сыртқы белгілі бір компанияға тәуелді болмаймыз. Белгілі бір өзгерістер енгізу керек болса, барлық өзіміз жасай аламыз, барлық код осы QazTech-тің репозиториясында сақталған. Яғни бұл бірінші кезекте бізге технологиялық тәуелсіздік береді.
Бірыңғай жүйенің басты мақсаты тек мемлекеттік органдардың жұмысын өзгерту емес. Оның нәтижесі халыққа көрсетілетін цифрлық қызметтерден де байқалуға тиіс.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал