Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Ақтөбеде жаңадан пәтерлі болған тұрғындар айдалада қалғандай күн кешуде. Баспаналар мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтерсе де, ауласы әлі күнге дейін абаттандырылмаған. Салдарынан балалар жаңбырлы күні мектепке бару үшін лай кешуге мәжбүр. Жедел жердем шақырту да оңай емес. Халық шағымдарын жергілікті билікке талай айтқан. Алайда нәтиже жоқ.
Есет батыр атындағы шағын аудандағы мына екі үйдің пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл болған. «Бірақ балалар алаңы сол күйі жасалмады», — дейді тұрғындар. Жұрт бұл сұрақты әкімдіктегілерге жеткізіп, талай мәрте шағымданған. Алайда нәтиже болмай тұр.
АРДАҚ ҚОСМАҒАМБЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Арыз жазамыз, жөнді жауап ала алмаймыз. Жасалынады, қарастырылады деп жыл сайын көктемде жауап береді. Нақты жауап жоқ. Көктемде барсаң: «күзде жасаймыз», — дейді. Күзде барсаң: «Келесі көктемде жасаймыз», — дейді. Сонымен, баяғы жартас сол жартас, осылай тұрып жатқанымызға 6 жыл болды.
Қалалық әкімдік өкілдерінің сөзінше үйлердің бірінің құрылысы кестеден 5 жылға созылып кеткен. Салдарынан материалдардың бағасы да қымбаттап, бұрынғы жобалық-сметалық құжаттама ескіріп қалған. Қазір енді жаңасы әзірленіп жатыр.
НҰРЖАН ҚАЙЫРМҰҚАН, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
— 51-ші тұрғын үйдің құрылысы бірнеше рет тоқтап, мердігер ұйымдардың ауысуына байланысты бұл үй тек 2023 жылдың қараша айында пайдалануға берілді. Осы жағдайға байланысты абаттандыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік болмады. Сараптама қорытындысы осы аптаның соңында шығады. Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін заңнама талаптарына сәйкес мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланады.
Жауаптылардың айтуынша, мердігер анықталғаннан кейін ғана абаттандыру жұмысы басталады. Сондықтан тұрғындарға тағы бірнеше ай күтуге тура келеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.