Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық жобасы аясында Қапшағай су қоймасына 100 мыңнан аса шабақ жіберілді. «Өзенді балыққа толтыру» акциясы жасанды көлдегі тұқытектес балық қорын көбейтуге арналған. Өйткені соңғы кездері онда жыланбас сияқты жыртқыш балық түрі көбейіп кеткен. Заңсыз балық аулау дерегі де азаймай тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2030 жылға қарай балық етін өндіру көлемі 270 мың тоннаға жетуі тиіс. Соның 10 пайыздайы Алматы облысында өндірілмек.
«Өзенді балыққа толтыру акциясы» «Балқаш – Алакөл су айдындарында жыл сайын өтіп тұрады. Ол өзен-көлдердегі балық қорын молайтып, табиғи экожүйені қорғауға бағытталған. Маңызды экологиялық бастама аясында өткен жылы өңірдегі су айдындарына 4 млн 600 мыңдай дөңмаңдай, тұқы, ақ амур, сазан балықтарының шабағы жіберілсе, биыл бұл көлемді 1,5 есеге дейін арттыру жоспарланып отыр.
РИНАТ КУМАШЕВ, БАЛҚАШ-АЛАКӨЛ БАССЕЙНДІК БШИ БАСШЫСЫ:
— Негізінен жыл сайын Балқаш-Алакөл су айдындарына балық ресурстарының өсімін молайту, сақтау үшін балықтандыру жұмыстары өткізіледі. Мысалы, 2025 жылы Қапшағай су қоймасына барлығы 300 мыңнан астам балық жіберілсе, ағымдағы жылы тек Қапшағай су қоймасына 1 млн 100-ден астам балық жіберу жоспарланып жатыр.
Көлге жіберілетін шабақтарды комиссия мүшелері санап, сапасын қадағалайды. Бір жаздық шабақтардың салмағы 12-20 граммнан кем болмауы керек. Ғалымдардың айтуынша, ашық су айдындарына жіберілген балық шабақтарының 30 проценті табиғи ортаға бейімделіп кетеді. 5 пайыздайы тасымалдау үдерісін көтере алмаса, қалғаны көлдегі жыртқыш балықтар мен жабайы құстарға жем болады екен. Қапшағайда Іле – Балқаш су алабында бұрын-соңды кездеспеген жыланбас балығының көбейіп бара жатқанын байқауға болады.
Өңірде жыл басынан бері табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 372 фактісі анықталып, заңсыз балық аулаушыларға 11 млн теңге айыппұл салынды. Балқаш – Алакөл бассейнінде кәсіптік және әуесқой балық шаруашылығын жүргізумен айналысатын 54 субъекті бар. Биыл олар 13 мың тонна балық аулауға рұқсат алды. Бүгінге дейін белгіленген лимит 36 пайызға орындалған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.