Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Соңғы жеті жыл ел дамуының жаңа кезеңімен тұспа-тұс келді. Осы уақытта мемлекет алдында экономиканы әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту секілді міндеттер тұрды. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылды және олардың нәтижесі қандай?
Соңғы 7 жыл Қазақстанда экономиканың және әлеуметтік саланың бірқатар бағыты оң өзгерістерге толы болды. Мемлекет басшысының бастамалары мен қабылдаған шешімдері экономикадағы жаңа міндеттерді айқындап, өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті қолдауға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ел экономикасы да тың қарқынмен өсіп-өркендеуде. Қазақстанның әр аймағында әлеуметтік маңызы зор нысандар – мектептер, емханалар, мәдениет және спорт мекемелері – бой көтеріп жатыр. Ұлан-ғайыр жерімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Бұл жұмыс тоқтамайды, Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек. Біздің мақсатымыз айқын. Біз халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әр азаматқа мейлінше қолайлы жағдай жасау үшін табанды еңбек етуіміз керек.
Иә, жеті жыл ішінде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың АҚШ долларынан асып, 52,9 пайызға өсті. Орташа айлық жалақы 2,4 есе артып, 443 300 теңгеге жетті. Осы кезеңде Қазақстан экономикасына 155,7 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылды.
Құрылыс пен инфрақұрылым саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Жеті жылда 118,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 761 жаңа мектеп, 345 балабақша және 1 259 медициналық нысан салынды. 536 спорт нысаны пайдалануға беріліп, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік салаға осы кезеңде 34 триллион теңге жұмсалды. Ел халқы 1,87 миллион адамға көбейді. Өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті.
ІЛИЯС БАҚТЫҒАЛИЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА САРАПШЫСЫ:
— Әлеуметтік саясатта да оң өзгерістер бар. Мысалы, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мұғалімдердің мәртебесі мен жағдайы да көтерілді: 2019 жылы бұл көрсеткіш 39% болса, қазір 70%-дан асты. Бұл – әлеуметтік саясаттағы маңызды нәтижелердің бірі.
Мемлекет басшысы экономикаға инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа өндірістер ашу мәселелерін бірнеше рет негізгі басымдық ретінде атап өтті. Нәтижесінде, өнеркәсіпте 625 жаңа кәсіпорын іске қосылып, Қазақстанда 850 мың автокөлік өндірілді. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында да көрсеткіштер өсті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 47,5 пайызға артып, 2,3 миллионға жетті. Бұл секторда 4,5 миллион адам еңбек етеді.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:
— Инвестициялар ендігі уақытта бұрынғыдай тез табыс әкелетін салаға емес, IT, жасанды интеллект, ауыл шаруашылық саласына қарай бағытталуының өзі – Президенттің ең үлкен жетістіктерінің бірі. Өйткені ауыл шарушылық саласының өзі көрші Қытайға сапалы экологиялық таза өнім беруге мүмкіндігі бар.
Осылайша, соңғы жеті жыл экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, өндіріс пен инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік саланы күшейту бағыттарындағы өзгерістермен сипатталады. Сарапшылардың пайымынша, бұл – нақты дәлел мен дәйекке негізделген көрсеткіш.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.