Қазақстанда жүргізушілерге балдық жүйе енгізілмек

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Елімізде темір тұлпар тізгіндегендерге балдық жүйе енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Жаңа тетік барлық тәртіп бұзушылықты бір есепке біріктіруді көздейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі мәлімдеді. Сондай-ақ жол ережесін елемейтін жаяу жүргіншілерге жазаны қатаңдату мәселесі де көтерілді.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Жолдағы жауапкершілік тек жүргізушіге емес, жаяу жүргіншіге де ортақ. Кейде асығып, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп, уақыт ұтқымыз келеді. Алайда осы бірнеше секундтың өзі қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін. Бірнеше минут үнемдеймін деп, өміріңізді қатерге тікпеңіз. Жолды белгіленген жерден кесіп өту – өз қауіпсіздігіңізді сақтаудың ең қарапайым жолы.

Бұл мәселеде жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін күшейту ұсынылды. Ішкі істер минитсрлігінің мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының дені солардың кінәсінен болады. Үкімет сағатында Премьер-министр Олжас Бектенов жол ережесін елемейтін жаяу жүргіншілерге қатысты жаза шараларын қатаңдату қажеттігін айтты. Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге қатысты талап та күшеймек. Елімізде темір тұлпар тізгіндегендерге балдық жүйе енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Қазір көлік жүргізушісі әрбір жол ережесін бұзғаны үшін жеке жауап береді. Ал жаңа тетік барлық тәртіп бұзушылықты бір есепке біріктіруді көздейді.

ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
— Ол әр заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар бірнеше мәрте және ауырбұзушылықтар үшін жүргізуші куйлігін 1 жылға тоқтату көзделеді. Қазіргі таңда тиісті түзетулерді құрылтайдың қарауына енгіземіз.

Яғни жылдамдықты арттыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту және басқа да заң бұзушылықтар үшін жүргізушіге ұпай есептеледі. Егер бір жыл ішінде белгіленген шектен асып кетсе, жай ғана айыппұл төлеумен құтылмайды. Жүргізуші куәлігінен айырылып, жол ережесі бойынша қайта емтихан тапсыруы мүмкін. Балл жүйесімен қатар айыппұлды белгіленген мерзімде төлегендерге берілетін 50 пайыздық жеңілдікті қайта қарау ұсынылып отыр. Ішкі істер министрлігі бір жылда 10 рет немесе бес рет өрескел құқық бұзған жүргізушілерге жеңілдікті алып тастау мәселесін талқылауда. Алайда нақты талаптар әзірге белгіленген жоқ. Бұл мәселені Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов те көтерді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Жол ережесін қасақана бұзушылар үшін тәсілдерді қайта қарау қажет. Мұндай адамдарға айыппұл төлеу кезінде жеңілдіктер берілмеу керек. Керісінше бұзушылық санына қарай айыппұл санын еселеп арттыру қажет.

Түнгі уақытта қатты шу шығаратын көлік пен мотоцикл иелеріне қатысты мәселе де айтылды. Биыл полиция осындай 782 жағдайды тіркеген. Тәртіп бұзушылардың барлығы жауапкершілікке тартылды. 55 адам қамауға алынған. Көліктер арнайы айып тұрағына қойылды. Премьер-министр тек айыппұлмен шектелмей, мұндай жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Үкімет жол инфрақұрылымындағы мәселелерге де назар аударды. Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархтан Иманашевтың жұмысына сын айтты. Егер нәтиже болмаса қызметін босатуды сұрады.
Ал жолдардың сапасына қатысты талаптың сақталуын бақылау да күшейтілмек. Қазірдің өзінде бес мыңға жуық лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде аудан және ауыл әкімдеріне қатысты 487, ал «ҚазАвтоЖол» филиалдарының басшылығына қатысты 345 әкімшілік шара қолданылған. Бұдан бөлек, жолдарды талапқа сай күтіп ұстамау дереткері бойынша төрт қылмыстық іс тергеліп жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал