Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Ақтөбедегі Қарғалы тұрғын алабының жұрты дабыл қағып жатыр. Олар жатақхана әбден тозып, тұруға қауіпті жағдайға жетті деп шағымданып отыр. Басқа барар жері жоқ тұрғындар, амалсыздан сонда күн кешіп отыр. Ғимаратта тұратын 25 отбасы жергілікті биліктен өздерін қауіпсіз жерге көшіруді сұрайды.
Бұл үш қабатты жатақхана осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын геологтарға уақытша баспана ретінде салынған. Қазір мұнда 25 отбасы тұрып жатыр. Бірақ үйде жертөле де, іргетас та жоқ, ал шатырынан су өтеді. Тұрғындар шатырды өз қаражаттарына жөндеп келеді, алайда мұнымен мәселе шешілер емес. Себебі әбден ескірген. Тұрғындарда бұл үйдің қауіпті екенін растайтын қорытындысы болғанымен, баспана әлі күнге дейін апатты деп танылмаған.
Балаларының өміріне алаңдаулы көпбалалы ана Гүлнар Смағұлова үйдің төменгі бөлігіндегі кірпіштері үгітіліп, шатырдан су өтетінін айтады. Мұндай үйде тұру өте қорқынышты, дейді ол. Тұрғындардың айтуынша, үшінші қабатта тұрған тұрғындар шатырдың тесік болуына байланысты жалдамалы пәтерлерге көшіп кеткен.
Ал әкімдіктегілер тұрғындардан ресми өтініш түспегендіктен бұл үй апатты деп танылмағанын айтты.
Егер бұл үй апатты деп танылса, тұрғындарға пәтерін мемлекет тарапынан сатып алу ұсынылуы мүмкін. Алайда бұл ұзақ уақытты қажет етеді. Оның үстіне, бүгінде Ақтөбеде апатты деп танылған осындай қырықтан астам баспана бар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.