Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Каспийде жүк тасымалы арта түсті. Порттың ауқымын кеңейту үшін жаңа айлақтар салынып, қолданыстағы нысандар жаңғыртылып жатыр. Биыл Ақтау порты арқылы 6 миллион тоннаға жуық жүк өткізу жоспарланған. Ал Құрық су айлағы жылына 7 миллион тоннаға дейін жүк өткізуге қауқарлы. Қазір порттарды цифрландыру жұмыстары да қарқын алған.
Ақтау порты – еліміздің Каспийдегі басты теңіз қақпасы. Қазір мұнда жылына 11 миллион 800 мың тоннаға дейін жүк қабылдап, жөнелтуге мүмкіндік бар. Биылғы меже – 5 миллион 909 мың тонна. Жүк тасымалындағы негізгі бағыттардың бірі – Баку. Екі ел арасындағы теңіз қатынасын күшейту үшін флот та толықтырылып жатыр. Биыл портқа тағы үш кеме қосылып, тұрақты қатынайтын кемелер саны 10-ға жетті.
Каспийдегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты теңіз түбі тереңдетіліп, алынған 1 миллион 300 мың текше метр топырақ пен тас жаңа айлақтардың құрылысына пайдаланылуда. Қазір портта 8 айлақ бар, тағы екеуі салынып жатыр. Жоспардағы 3 айлақ қосылса, контейнер тасымалы жылына 150 мыңға артады. Құрық портында да жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жылына 7 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алатын су айлағы цифрландырылып, кемелерді қабылдау мен жөнелту уақыты қысқарған.
ЕРКІН НЫҒМЕТОВ, ҚҰРЫҚ ПОРТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
— Биыл екі айлағымызды модернизациядан өткіздік. Осының арқасында кемелердің тұру уақыты қысқарды. Бұрын жүк 18 сағат тиелетін болса, енді кемелер 12 сағатта жіберіледі.
Құрықтағы жаңғырту мұнымен тоқтамайды. Паромдар паркі де ұлғаяды. 2028 жылға дейін Қазақстан туы астында тағы 5 жаңа паром іске қосылады. Яғни Каспийдегі теңіз дәлізі кеңейіп келеді. Жаңа айлақ, жаңа кеме, қысқарған рәсімдер – барлығы жүк тасымалын жеделдетуге бағытталған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.