Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Абай облысында қайтарылған активтер есебінен медициналық нысандар салынды. Аягөзде МРТ бөлімі іске қосылуға дайын. Ал Үржарда жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған коронарлық орталық ашылмақ. Екі жоба да шалғайдағы тұрғындарға медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған.
Аягөздегі МРТ бөліміне 700 миллион теңге бөлінген. Яғни бұл – рентген сәулесіз, магниттің көмегімен түгелдей сканерлеп, аурудың көзін ерте анықтауға көмектесетін «сиқырлы камерасы» бар бөлім. Соның құрылысы аяқталып, қазір аппарат сынақтан өткізіліп жатыр. Бұған дейін тұрғындар өзге ауданды аралауға мәжбүр болды. Енді қажет диагностика өз ауданында жасалады.
ШАЛҚАР ОМАРОВ, АЯГӨЗ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Ауданаралық аурухана болғаннан кейін көршілес Үржар, Мақаншы, Ақсуат және Жарма аудандарының бізге жақын ауылдарын түсіруге мүмкіндігіміз бар. Былтырғы жылы, статистикалық мәліметтер бойынша, қалаға және басқа жаққа 100-ден астам науқасты МРТ-ға тексеруге жіберіппіз. Енді ешқайда бармайды. Барлығы осы жерде өте алады.
Ал Үржарда коронарлық орталық салынды. Жобаға 2 миллиард 800 миллион теңге бағытталған. Орталық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан науқастарға шұғыл көмек көрсетіледі.
Жаңа орталық Үржар мен Мақаншы аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұдан былай бұл өңірдің тұрғындары жүрек ауруларын емдету немесе тексерілу үшін басқа қалаларға сабылуға мәжбүр болмайды. Осы уақытқа дейін тек Үржардың өзінен жыл сайын 170-ке жуық науқас арнайы көмек алу үшін басқа жаққа жіберілді. Енді қажет көмек ауданның өзінде көрсетіледі. Коронарлық орталық жақын күндері жұмысын бастайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.