Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Оның кандидатурасын Мемлекет басшысы ұсынды, ал кеңес мүшелері қолдады. Айта кетейік, Астанада жаңа ұйымның бірінші сессиясы өтіп, оған Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.
Мемлекет басшысы алдымен Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев осы ретте жаңа ұйымның Төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын.

Сонымен, Ерлан Қошанов көпшіліктің қолдауымен Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Жаңа төраға конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазымға ұсынған мемлекет басшысына және оны қолдаған кеңес мүшелеріне алғыс айтып, бұл сенімді ақтауға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Мұнан соң, Президент консультативтік мекемеге кәсіби білігі жоғары мамандар, абырой-беделі зор, нағыз отаншыл азаматтар мүше болғанын айтты. Кеше Мемлекет басшысы бұл ұйымның құрамын бекіту туралы Жарлыққа да қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, оның құрамына 126 адам кірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің алдында тұрған міндеттерге ертең алғашқы сессияның негізгі отырысында кеңірек тоқталатынын айтты.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал