Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Ел экономикасына халықаралық қаржы ұйымдарынан ұзақмерзімді қаржы тартылады. Құрылтай депутаттары Қазақстан мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады. Маңызды келісім аясында қандай әлеуметтік жоба жүзеге асырылады?
Құжатты Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі таныстырды. Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл келісім аясында ел экономикасына алдағы 5 жылда жеңілдетілген шарттармен 6 млрд доллар көлемінде ұзақмерзімді қаржы тартылмақ. Бүгінде құны 1,8 миллиард доллар болатын жеті жоба жүзеге асырылып жатыр.
Инвестицияның негізгі бөлігі көлік салаларын да қамтиды. Атап айтқанда, Жезқазған – Қарағанды, Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын, Атырау – Доссор және Мойынты – Қызылжар бағыттарындағы автомобиль және теміржол желілері жаңғыртылады. Көкшетауда да ауқымды әлеуметтік жоба қолға алынған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келер жылы 630 орындық көпбейінді аурухана пайдалануға берілмек.
ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, ҚАРЖЫ ЖӘНЕ БЮДЖЕТ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ:
— Құрылыс былтырғы жылдың мамыр айында басталды. Бірнеше қаржы ұйымынан шамамен 300 млн ақш доллары бөлінді. Бұл – әлеуметтік маңызы бар ең ауқымды жоба. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Онда 2,5 мың адам жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, ел экономикасын дамыту үшін халықаралық қаржы институттарының ұзақ мерзімді қарыздарын тиімді пайдалану маңызды. Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы 38,5 триллион теңгеге жуық. Бұл жалпы ішкі өнімнің шамамен 20 пайызына тең.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
— Үкіметтің қарызы – 20 пайыз. Мемлекеттің қарызы – 20,9 пайыз. Индикатор бойынша 32 пайыздан аспау керек. Сол себепті жағдай тұрақты. Біз әлем бойынша мемлекеттің қарызы ең төменгі елдердің қатарына жатамыз.
Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі – халықаралық қаржы институттарының бірі. Қазақстан бұл ұйыммен он жыл ынтымақтастық орнатып келеді. Ұлттық Экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, негіздемелік келісім жобаларды қаржыландырудың жаңа мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар бюджетке түсетін жүктемені азайтып, мемлекеттік қаражатты басым бағытқа қайта бөлуге мүмкіндік береді. Жобаларды іске асыру рәсімдері де оңтайландырылмақ. Ұзақ мерзімде бұл бастама жалпы ішкі өнімнің өсуіне, жаңа жұмыс орныныңашылуына және шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.