Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Маңғыстауда ысталған балықтан уланған отбасындағы баланың жағдайы ауыр. Дәрігерлердің айтуынша, бала ауруханаға инфекциялық-токсикалық шокпен жеткізілген. Қазір ол жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Пациентке ботулизмге қарсы сарысу енгізіліп, қажет ем-дом жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, күн сайын консилиум өтіп, республикадағы өзге мамандармен телеконференциялар ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар реаниматолог, инфекционист және невропатолог мамандарын Астанадан шақыртыпты. Бұл жағдай облыс басшысының тікелей қадағалауында.
ӘЛИЯ ИШИМОВА, КБА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бала бізге ботулизмнің ауыр дәрежесімен, инфекциялық-токсикалық шок жағдайында келіп түсті. Санасы болмады, рефлекстері жоқ жағдайда болды. Шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Қазіргі таңда бала барлық қажет емді алып жатыр.
НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Біздің дәрігерлер қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Астанадан онлайн консультация алып жатыр. Ата-аналар Астанадан дәрігерлер келіп қарасын деген мәселені көтерді, жақын арада инфекционист пен реаниматолог келеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.