Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Болашақ ұшқыштар үшін Петропавлда жаңа мүмкіндіктер ашылды. Авиация саласын таңдаған студенттер теориялық білімін енді тәжірбие жүзінде шыңдай алады. Мұндай жоба өңірде алғаш рет қолға алынып отыр. Жастар ұшақты басқарудан бөлек, әуе кемесін дайындау, қауіпсіздік талаптарын сақтау және экипаж жұмысының қыр-сырын меңгеруде.
Ұшқыш болу үшін тек биікте еркін қалықтау жеткіліксіз. Бұл мамандық асқан жауапкершілікті, темірдей тәртіпті талап етеді. Сондықтан жастар 4 жыл бойы алған білімін шынайы ортада сынау үшін Петропавлға келді. Аспан әлемін бағындаруды мақсат еткендер әуе кемесін басқаруға дағдылануда.
БЕЙБАРЫС МЫРЗАҒАЛИЕВ, СТУДЕНТ:
— Алғашқы 10 сағат инструктормен, кейін өзіміз ұшамыз, бізді соған дайындайды. Ұшу алаңына шыққандағы алғашқы сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әуеге көтерілген сәтте мен мамандық таңдаудан қателеспегенімді түсіндім.
Бұлттан биік зымырауды көздейтін студенттерге тәжірбиелік кезеңде 200 сағат ұшу мүмкіндігі беріледі. Қазір жастар авиациядағы тәртіппен қауіпсіздікті қатар меңгеріп жатыр. Яғни курсанттар төтенше жағдай кезінде дұрыс шешім қабылдаумен жедел әрекет ету тәсілдерін үйренуде.
Тәжірбие алаңы ретінде теріскейдің талдалуы кездейсоқ емес. Себебі жазық әрі орманды алқаппен мыңдаған көл ұшқыштардың шеберлігін шыңдауға қолайлы. Ал болашақта өңірде отандық авиация үшін кадр даярлау мәселесі қарастырылуда.
ӘБІЛ КЕКІЛБАЕВ, ӘУЕЖАЙ ДИРЕКТОРЫ:
— Қазір аэродромда екі ұшақ бар. Ал келесі жылдан бастап санын көбейтеміз. Студенттер ұшу бағыттарын айқындап алды. Келешекте азаматтық авиация академиясының филиалын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл қажет мамандарды өзімізде оқытуға жол ашады.
Жоба сәтті жүзеге асса ұшқыштармен қатар, инженерлік бағыттағы мамандар мен әуежай қызметкерлері де осында даярланбақ.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.