Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Он жастағы Ален Басен халықаралық байқауларда топ жарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінің жас шәкірті виолончельді бес жасынан бері серік еткен. Ал бүгін жас өнерпаздың қолында тағы бір ерекше сый – өзі үшін арнайы жасалған кәсіби концерттік виолончель.
10 жасар Ален Басен Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінде виолончель сыныбында білім алып жүр. Жас таланттың қоржынында халықаралық және республикалық байқаулардың жеңістері бар. Италияда өткен Rovere d’Oro байқауында Ален 100 ұпайдың 100-ін жинап, бірінші абсолютті жүлдеге ие болды. Ал бүгін Аленнің қуанышында шек жоқ. Себебі ол алғаш рет өзі үшін арнайы жасалған концерттік виолончельде өнер көрсетті.
АЛЕН БАСЕН, МУЗЫКАНТ:
— Алғашында қатты қобалжыдым. Бүкіл мектептің алдында тұрып өнер көрсету өте қиын болды. Бірақ кейін қобалжуды қойып, бәрі жақсы өтті. Бұл виолончель бұрынғысынан өзгеше. Дыбысы жақсырақ, өзі үлкен.
Ұстазы Аленнің қабілеті алғашқы сабақтан-ақ байқалғанын айтады. Жас музыкант ескертулерді тез қабылдап, қателесуден қорықпаған. Керісінше, кемшіліктерімен жұмыс істеп үйренген. Қазір ол күніне шамамен үш сағатын музыкаға арнайды.
БАҚЫТЖАН ЖАНТҰРҒАНОВ, ПЕДАГОГ, ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРІ:
— Мұндай инструмент – профессионал болған соң, жоғары деңгейде ойнау үшін, ең бірінші керек нәрсе. Өйткені жарыстарда бәрі профессионалды инструменттерде ойнайды, ал олармен жарысу үшін соған сай инструмент болуы керек. Екіншіден, техникалық жағынан өзінің жеңілдігі болады, үлкен залдарда ойнағанда дыбысы әдемі шығады, виолончельдің тембрі шыққанда дауыстармен жоғары деңгейде ойнауға болады, іштегі ойды шығаруға болады.
Аленнің музыкаға деген қызығушылығы бала кезінде басталған. Анасы оның кішкентайынан әуендерді тез жаттап, музыкаға ерекше сезімтал екенін байқапты. Алты жасқа толмай тұрып, сынақ сабағында оған скрипка мен виолончельдің бірін таңдау ұсынылған. Сол сәтте таңдаған аспабы оның өмірінің бір бөлігіне айналды.
АЙГҮЛ БАСЕН, АЛЕННІҢ АНАСЫ:
— Ол алты жасында бірінші байқауына қатысты. Алматыда өткен Art Star байқауында бірінші орын алды. Сол кезден бастап оның музыкаға өте саналы түрде қарай бастағанын байқадым. Күнделікті дайындық музыканттың қалыпты өмірі екенін түсінді. Тіпті ешқандай қыңырлық танытпай, бұл іске жауапкершілікпен қарады. Сол кезде оның музыкант болатынын түсіндім.
Аленнің отбасында мәдениет пен өнерге жақын жан көп. Оның арғы атасы – Қазақстанның тұңғыш кәсіби сәулетшісі Төлеу Бәсенов. Ал арғы әжесі – Димаш Ахметұлы Қонаевтың туған қарындасы Ғаухар Қонаева. Нағашы атасы – белгілі қазақстандық кинорежиссер Амангелді Тәжбаев.
Енді жас музыканттың шығармашылық жолында тағы бір маңызды мүмкіндік пайда болды. Аленге арнайы кәсіби виолончельді польшалық шебер Войцех Топа жасап берді. Аспап жас орындаушының ерекшеліктері ескеріле отырып дайындалған. Ал AÑSA қоры оның музыкалық дамуына ұзақ мерзімді қолдау көрсетпек. Бүгін Аленнің ұстазының да еңбегі еленді. Жас музыканттың кәсіби қалыптасуына қосқан үлесі үшін педагогке арнайы сертификат табысталды.
МҰРАТ ЖҰМАНБАЙ, AÑSA ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Оның ерекше талантына сене отырып, болашағына инвестиция ретінде біз белгілі поляк шебері Войцах Топаға тапсырыспен арнайы кәсіби виолончель жасатқызып, бүгін оны салтанатты түрде бердік. Оған қоса, Аленнің одан әрі музыкант ретінде дамуына, өсуіне, жетілуіне бағыттау үшін және арнайы конкурстарға қатысу үшін AÑSA қоры Аленнің кәмелет жасына толуына дейін оған атаулы стипендия тағайындады.
Он жасар музыкант кейде дайындықтан шаршайтынын жасырмайды. Бірақ ол қашан да музыканы таңдайтындықтан, ешбір қиындыққа мойымайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.