Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Елордада тарихи маңызы бар Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жаңадан құрылған органның жұмыс форматы мен алдағы міндеттері айқындалды. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен тікелей байланыс орнатып, қоғамдық сенімді күшейту маңызды екенін атап өтті.
Тарихи сәт. Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысы. Жиында Кеңестің жұмыс форматы мен алдағы міндеттері айқындалды. Мемлекет басшысы жаңа органның ел бірлігін нығайтып, қоғамның мемлекетке деген сенімін арттырудағы маңызын атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сіздер әрдайым халықпен тікелей байланыста болуларыңыз керек. Қиындықтан тайсалмай, күрделі мәселелерді батыл көтеру қажет. Жұртты алаңдатқан мәселелерді терең зерттеп, қоғамдық талқылардың бел ортасында жүру маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұғырнамасы осындай ашық диалог арқылы жүзеге асады. Қоғамдық сенімді күшейтудің, яғни ұлттық бірегейлікті нығайтудың бұдан басқа жолы жоқ. Сондықтан әр мәселеге тыңғылықты дайындықпен кірісу қажет.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына 126 адам енді. Оның 42-сі – этномәдени бірлестіктердің, 42-сі – қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың, тағы 42-сі – мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері. Кеңес мүшелері төрт жыл мерзімге сайланды. Олар қоғамдық негізде жұмыс істейді. Яғни жалақы алмайды. Негізгі жұмыс форматы – сессия. Онда қоғамдық маңызы бар мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданады. Ал халық кеңесінің отырысын жылына кемінде екі рет өткізу жоспарланған.
Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөніндегі мәселені көтерді. Мемлекет басшысы қазіргі мәслихат депутаттарының басым бөлігі бұған дейін «Amanat» партиясының атынан сайланғанын атап өтті. Ал партияның «Әділет» партиясына қосылуына байланысты мәслихат депутаттарының өкілеттігіне қатысты мәселе бар. Президент бұл жөнінде Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен жақын күндері кеңесетінін айтты. Осы талқылаудан кейін мәслихаттардың өкілеттігіне қатысты тиісті Жарлыққа қол қойылмақ.
ҚАСЫМ- ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды. Жалпы, жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды. Бір сөзбен айтқанда, елді мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады. Демек, өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Халық кеңесінің алғашқы сессиясында Президент кеңес мүшелерінің алдына бірқатар міндет қойды. Соның ішінде тазалық пен тәртіп мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаны абаттандырумен ғана шектелмеуі керек. Оның аясында азаматтардың жауапкершілігін арттырып, тазалықты сақтауды күнделікті әдетке айналдыру маңызды. Президент бұл ретте отбасы, мектеп, қоғам мен мемлекеттің бірлескен жұмысына мән берді.
Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында өңірлердің мүддесін қорғау мәселесі де көтерілді. Президенттің айтуынша, Кеңес құрамының үштен бірін аймақтардан келген өкілдер құрайды. Бұл жергілікті жердегі өзекті мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы өңірлердің үні бұдан былай Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жететінін атап өтті.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.