Астанада әйелді бұрынғы күйеуі пышақтап өлтірді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Астанада жантүршігерлік қылмыстық іс тіркелді. Әйелді пышақтап өлтірді деген күдікпен бір ер адам ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, қатыгездікке барған – марқұмның бұрынғы күйеуі. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Қанды қылмысқа не түрткі болды?
Бұл бейнежазба кешеден бері әлеуметтік желіде жаппай тарап, қызу талықға түсті. Көлікке жақындаған бейтаныс ер адам небәрі аз уақытта ішінде іштегі әйелге тап беріп, артынан бірден қашып бара жатқаны анық байқалады. Кейін белгілі болғандай, бұл бұрынғы күйеуінің өз әйеліне жасаған аяусыз шабуылы екен.
СЫРНАЙ ЖАНАТХАН, ТІЛШІ:
— Әйел көлігін тұрақтатқан кезде, оған қара киімді ер адам келіп, пышақ жарақатын салған. Әйел адам оқиға орнында көз жұмды. Бұл жерде тіпті қан іздері де бар. Тұрғындар болған жағдайға сене алмай отыр.
Қайғылы оқиға кешкі сағат сегіз шамасында болған. Шошынған көршілері түнімен көз ілмегенін айтады. Ал туыстары бұрынғы күйеуі ажырасқаннан кейін де тыныштық бермей, артынан үнемі аңдып жүргенін дейді. Қаскөй алғаш рет 7 қыркүйекте марқұм жұмысқа бара жатқанда көлігіне мініп алған. Сол кезде көршілері араша түсіп, келіншекті аман алып қалыпты. Сондай-ақ күдікті қолына пышақ жасырып тұрғанын байқаған. Марқұм сол уақытта полицияға арыз жазып, дәлел ретінде әлгі пышақты да көрсеткен екен. Алайда бұл жолы оны қорғап қалатын ешкім табылмады. Жақындары күдікті кеудеге 13 жерден пышақ сұққанын айтады.
ЕЛНҰР АДАУОВ, АҒАСЫ:
— Сол күні қарындасым полицияға арызданған болатын. Араша түскен қыз полиция бөлімшесіне сол пышақты апарып берді. Жаным ашитыны, қанша арыздансақ та қорғай алмадық. Ақыр аяғы осыған әкеліп соқты. Мен де, полиция қызметкерлері де қорғай алмады. 1 ай көлемінде іздеп жүрді, бірақ таппады. Ал кеше өлтірген соң, 3-4 сағатта бірден ұстап алды.
ӘЗІМБЕК ПІРІМҚҰЛОВ, ӘКЕСІ:
— Бұрын полицияда істеген, жұмыстан шыққанына 1-2 ай болды.
Құрбылары марқұмның өмірге құштар, өте ашық жан болғанын еске алады. Қыздарын ерекше жақсы көріп, олар үшін барын салған. Тіпті жақында ғана баспаналы болып, қуанышымен бөлісу үшін құрбылары мен әріптестерін қонаққа шақыруды жоспарлап жүріпті. Тек бұрынғы күйеуі үнемі мазалап, қоқан-лоқы көрсететінін айтып, шағымданған.

КРИСТИНА, ӘРІПТЕСІ:
— Осы демалыста бізді қонаққа шақырған, жақында ипотекаға үй алып, бақытты болып жүрген. Қыздарына бөлме әзірлеп, жиһазға тапсырыс беріп қойған еді. Кеше диван әкелген болатын, сол үшін ол үйіне асықты. Үйіне жете алмай өліп кетті.

Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ӘБІЛ ӘБІЛДИН, ПД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Әлеуметтік желілерде күдікті полиция қызметкері деген ақпарат тарады. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу барысы ерекше бақыланады. Кінәлі тұлға заң талаптарына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады.
Марқұм күйеуімен 10 жыл бірге отасқан. Артында екі баласы қалды. Енді қаралы қауым мен марқұмның туыстары күдіктінің тиісті ауыр жаза алуын талап етеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал