ШҚО омарташылары 3 мың тоннадан астам бал өндіруді жоспарлап отыр

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Шығыс Қазақстан облысының омарташылары биыл үш мың тоннадан астам бал өндіруді жоспарлап отыр. Өңір бал өндіруден республика бойынша көш бастап келеді. Қазірдің өзінде жергілікті омарташылар экспорттық келісімшарттар әзірлеп, табиғи өнімді Еуропа мен Америкаға жеткізуді жоспарлауда. Сондай-ақ Қытай компаниялары да балдың ірі партияларын тұрақты түрде сатып алады. Омарта шаруашылығын дамыту әлеуеті туралы тілшілеріміз айтып береді.
Риддер омарташылары нағыз биік таулы аймақтың балын жинауға дайындалып жатыр. Жергілікті климат түрлі шөптен бірегей өнім алуға мүмкіндік береді. Тіпті аптап ыстық әрі құрғақ жаздың өзі балдың сапасына әсер етпеген. Өйткені таулы аймақтарда ылғалды климат сақталады.

АЛЕКСЕЙ ЛИПИН, ОМАРТАШЫ:
— Өйткені мұнда балды өсімдік өте көп. Егістік алқаптарын алсақ, күнбағыс, қарақұмық, рапс деп бөлуге болады. Ал мұнда көктем басталысымен, тіпті қар толық ерімей жатып тал гүлдейді. Одан кейін бәйшешек, кейін акация гүлдей бастайды. Акациядан соң аюбалдырған мен таңқурай жайқалады.
Қазақстанның шығысында омарта шаруашылығы сән мен мәнге айналды. Қала мен аудандағы мыңдаған ірі және шағын омартада 100 мыңнан астам ара ұясы бар. Оның үстіне шаруалар заманауи стандартқа, ғылыми тәсілге сүйеніп жұмыс істейді. Кейін балды экспортқа шығару үшін өз қаражатына зертханаларын жаңартып жатыр. Өткен жылы бал экспортының көрсеткіші шамамен 2,5 есе өсті.

Ал Қазақстан омарташылары қауымдастығының төрағасы Валерий Касымбаев өнімді шетелге жөнелтуге дайындап жатыр.

ВАЛЕРИЙ КАСЫМБАЕВ, ОМАРТАШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Биылғы балды қаптаймыз. Келісімшартқа қол қойылған. Қытайға 22 тонна, Америкаға 40 тонна жөнелтуіміз керек. Еуропалық одаққа, Францияға екі партия жібердік. Чехия және Сербиямен де алдын ала келісім жасала бастады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының бағалауынша, Қазақстанда бал жеткілікті. Алайда экспорт көрсеткіштерін арттыру қажет.

АМАНҒАЛИ БЕРДАЛИН, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Біз проблемалық мәселелерді талқылап қана қоймай, омарта шаруашылығын дамытуды жақсарту бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ұсыныстарын да қабылдадық.

Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі желісі бойынша елімізде зертхана мен өнімді сертификаттау орталығы қайта жабдықталып жатыр. Осы мақсатқа биыл бюджеттен 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал