Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Түркістан облысында қайтарылған қаржы есебінен тағы бір маңызды әлеуметтік жоба іске асты. Шардара қаласында көптен күткен «Шардара» топтық су құбыры пайдалануға беріліп, тұрғындар сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Жобаның бірінші кезеңіне 16,5 миллиард теңге бөлінсе, оның 5 миллиарды Арнайы қор есебінен қаржыландырылған.
Ерғали Мүтәлиев Шардарада 17 жылдан бері тұрады. Осы уақытқа дейін үйіне келетін суды ішу түгілі, тұрмыстық қажеттілікке пайдаланудың өзі қиын болғанын айтады. Амалы таусылған тұрғындар ауыз суды көлікпен тасып, сатып алып ішкен. Енді көп жылдан бергі қиындық артта қалып, үйіне таза ауыз су жеткеніне қуанып отыр.
ЕРҒАЛИ МҮТӘЛИЕВ, ТҰРҒЫН:
— Су өте лас еді, ішпек түгілі, бет жууға жарамайды. Суды сатып алып ішетін едік. Су шығаратын жерлер бар, сол жерден су тасушылар алып келеді, литрін 2-3 теңгеден сатып алып ішіп келдік.
Шардара қаласын сапалы ауыз сумен қамтитын бұл жоба өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық бастаманың бірі. Енді тәулігіне 24 мың текше метр су өндіретін жүйе 31 мың тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтиды. Ал алдағы кезеңде осы жүйеге тағы 16 елді мекенді кезең-кезеңімен қосу жоспарланған.
Нысанның бірінші кезеңіне 16,5 миллиард теңге бөлінген. Оның 11,5 миллиарды республикалық бюджеттен, ал 5 миллиарды Арнайы мемлекеттік қордан қарастырылды. Осы қаржыға су алу ұңғымалары бұрғыланып, магистральды су құбыр, су сорғы станциясы мен тазарту қондырғылары салынды.
Жалпы, Түркістан облысында қайтарылған қаржы есебінен 30 әлеуметтік нысанның құрылысына 26,4 миллиард теңге бөлінген. Оның 28-і бүгінде пайдалануға берілді, қалған екі жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жобалардың басым бөлігі елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.