Абай облысында 70-тен асқан қария футбол ойнайды, жары ауыл әйелдерін жаттықтырады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Абай облысында жасты сылтау етпей, спортты өмір салтына айналдырған отбасы бар. Жетпістен асқан Жұмағали ата футболдан әлі қол үзбеген. Ал жарының таңғы жаттығуы ауылдағы әйелдерге де үлгі болып отыр.
Қарауыл ауылында таңғы жаттығуға күн сайын 20-дан астам адам жиналады. Оларға 40 жылдан астам ұстаздық еткен Бақыт Құсманқызы жетекшілік етеді. Жастайынан спортпен айналысқан ардагер ұстаз кейін йога бойынша арнайы курс оқып, халықаралық сертификат алған. Енді жинаған тәжірибесін ауылдастарымен бөлісіп жүр.

БАҚЫТ ҚҰСМАНҚЫЗЫ, АРДАГЕР ҰСТАЗ:
— Қазір 25 адам тіркелген. Келушілер легі әлі көп. Қыз-келіншектерге өзімнің бар білгенімді үйретіп жүрмін, соларға көмегім тисе деген ойым бар. Ішкі жан дүнием осыны ұнатады. Қозғалысты жақсы көремін.
Бақыт апа мен Жұмағали атаның шаңырақ көтергеніне жарты ғасырға жуықтаған. Төрт бала тәрбиелеп, бүгінде тоғыз немере сүйіп отыр. Ерлі-зайыптылардың спортқа деген қызығушылығы да ортақ. Бақыт Құсманқызы гимнастикамен айналысса, Жұмағали Қырқымбайұлы жастайынан күрес, футбол, үстел теннисі мен шахматқа әуес болған. Қазір де екеуі жаттығуды тоқтатпайды.

ЖҰМАҒАЛИ ҚЫРҚЫМБАЙҰЛЫ, ЗЕЙНЕТКЕР:
— Салауатты өмір салтын отбасымызбен ұстанамыз. Күреспен, футболмен, үстел теннисімен және шахматпен жас кезімнен бері айналысамын. Жасым жетпістен асса да футбол ойнаймын. Қазір балаларымыздың бәрі спортпен айналысады.
Бүгінде Бақыт апаның жаттығуларына ауылдың әр буыны қатысады. Жастар да, ересектер де бір залда шынығады. Олар үшін йога – денені сергітіп қана қоймай, ойды тынықтырып, көңіл күйді көтерудің бір тәсілі.
Бақыт Құсманқызы үшін спорттың жасы жоқ. Ең бастысы – қозғалысты тоқтатпау. Қарауылдық әже мұны өз өмірімен көрсетіп жүр. Оның мақсаты ауыл тұрғындарын спортқа тартып, денсаулыққа жауапкершілікпен қарауға үндеу.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал