14 әскери қызметші қаза тапты: қылмыстық іс қозғалды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Ақтаудан шамамен 45 шақырым жердегі Каспий жағалауында әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапты. Қайғылы оқиғаға байланысты, арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов оқиға орнына барып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырма берді. Комиссия жұмысы қазір де жалғасып жатыр.
Кеше Каспийдің толқыны әдеттегіден ауыр соққандай… 24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу өткен бұл жағалау бүгін қара жамылды. Әскери-теңіз күштерінің сарбаздары Каспий теңізінде «Хазар Қорғаны» оқу-жаттығуын өткізуге шыққан. Алайда аяқ астынан жел күшейіп, ауа райы күрт бұзылған. Алдын ала мәлімет бойынша, 17 әскери қызметші суға кеткен. 14-і қаза тапты. Үшеуі құтқарылды. Олардың екеуі казармада, біреуі облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты, өміріне қауіп жоқ деп мәлімдеді.

ҚАНАТ НИЯЗБЕКОВ, ҚР ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ ӘСКЕРИ-ТЕҢІЗ КҮШТЕРІНІҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ:
— Арасында бір офицер бар, аға лейтенант, бір сержант бар. Сарбаздардың көбі – Маңғыстаудың тумалары, БҚО-дан да сарбаздар бар. Олардың әрқайсысының өз уақыты бар еді. Әскерде 10 күн, 8 күн, 1 ай, 1,5 ай уақыттары қалып еді.
Қазір оқиғаның нақты себептері мен оған жол берген жағдайлар анықталып жатыр. Үкіметтік комиссия құрылып, тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріледі. Жауапты тұлғалардың әрекетіне де құқықтық баға беріледі. Қайғылы жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі – «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бап – «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін, Президенттің тапсырмасы бойынша, Үкімет менің жетекшілігіммен арнайы комиссия құрды. Бұл жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық іс қозғады. Тергеу барынша мұқият, жан-жақты, қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді. Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажет қолдау көрсетіледі.

Қазір теңізде құтқарушылар мен әскери қызметшілерден құралған топ жұмыс істеп жатыр. Іздеу жұмыстары толық аяқталғанша жалғасады. Маңғыстау облысында мемлекеттік Тулар төмен түсірілді. Ал демалыс күндеріне жоспарланған мерекелік және мәдени іс-шаралар өткізілмейді.
Комиссия төрағасы Қанат Бозымбаев оқиғаның барлық мән-жайын қысқа мерзімде анықтап, кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті шара қабылдауды тапсырды. Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекет тарапынан әлеуметтік және материалдық көмек көрсетіледі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал