Түркістан облысында құлаған көпірдің орнына жаңасы әлі салынбаған

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Түркістан облысында тұрғындарға уәде етілген көпір әлі күнге дейін салынған жоқ. Келес ауданында былтыр желтоқсанда құлаған өткелдің орнына әлі жаңа көпір берілмеген. 10 айдан бері ауыл халқы амалсыздан мал айдайтын өткелмен қатынап келеді. Оған жетудің өзі машақат – жұрт ой-шұңқырды жағалап, айналма жолмен жүруге мәжбүр. Жаз бойы шаң кешкен тұрғындар енді күзгі жауын басталса, лай кешіп қаламыз ба деп алаңдап отыр.
Келестегі орталық көпір өткен жылдың желтоқсанында опырылып түскен еді. Абырой болғанда, оқушылар отырған көлік ескі өткелден небәрі 15 минут бұрын өтіп кеткен. Содан бері көпірдің орны сол күйі қирап жатыр. Мұндағы жұрт: «Уақытша көпірдің өзі дірілдеп әрең тұрғанын айтып, әр өткен сайын үрейленеміз», — дейді.
Ауылдағы білім ұясы өзеннің арғы бетінде орналасқандықтан, бұрын мектепке 10 минутта жететін оқушылар қазір жолға 40 минутын сарп етуге мәжбүр. Тұрғындардың айтуынша, жаңбыр жауса, бұл жолмен жүрудің өзі де мұңға айналмақ.
Жауаптылар жаңа көпір құрылысы қазан айында басталады деп сендірді.

МЫҚТЫБЕК КӘДІР, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
— Қазіргі таңда облыстық бюджеттен 100 миллион теңге қаржы қаралды, мердігер мекеме «ЖБИ-С» ЖШС анықталып, келісімшарт рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз.

Келестегі қираған өткелдің салынғанына жарты ғасыр болған. Бірнеше рет жөнделгенімен, былтыр елдің көз алдында опырылып түсті. Тұрғындардың өзі уақытша өткелге құм төсеп амалдады. Енді жұрттың бар үміті жауаптылардың берген уәдесінде.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал