Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Диплом бар, жұмыс істеуге деген ынта зор. Алайда қос қолға бір күрек іздеген мүгедек жандар үшін еңбек нарығында кедергілер бар. Павлодарлық Мәдина Әбдіғазизова да еңбек жолын бастау үшін талай мекемеге жүгінген. Нәтиже болмаған соң, Мансап орталығынан көмек сұрады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға лайықты жұмыс орнын табуға, ал жұмыс берушілерге жалақы шығындарын өтеуде мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Көру қабілетінен айырылған павлодарлық Мәдина Әбдіғазизова мамандығы бойынша еңбек етуге мүмкіндік алды. «Арнайы жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамтуға бағытталған. Ерекшелігі сол, жұмыс орны қызметкердің мүмкіндігіне сай бейімделеді. Ал жұмысшының жалақысының бір бөлігін мемлекет субсидиялайды. Зағип жанның «Мейірбеке ісі» бітіргеніне қарамастан жұмыс таба алмай қиналған.
МӘДИНА ӘБДІҒАЗИЗОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Массажист болып жұмыс істегім келеді. Әдетте қызметтерім туралы хабарландыру беріп, адамдардың үйіне барып массаж жасаймын. Бірақ, шынымды айтсам, медициналық жерде жұмыс істегім келеді. Емханада, немесе санаторийде жұмыс істесем деймін. Үйде отыруды қаламаймын. Негізі, грант бойынша оқығанмын. Енді Үкіметке пайдамды тигізсем деймін.
Мансап орталығының мамандары Мәдинаға талапқа сай жұмыс орнын қарастырып, жеке клиниканың бірімен байланыс орнатқан. Қазір қос тарап келісімшарт рәсімдеп жатыр.
ЕВГЕНИЯ КУЗЯКИНА, ЖЕКЕМЕНШІК КЛИНИКАНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Қазіргі таңда Павлодар қаласының Мансап орталығының мамандары бізге Мәдинаны «Арнайы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастыру мәселесімен жүгінді. Қазір клиника басшылығы келісімшарт жасау және осы қызметкерге қажет жұмыс орнын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Еңбек етуге ниетті Мәдина үшін бұл – сүйікті кәсібіне қайта оралуға мүмкіндік. Бағдарлама талабына сәйкес, жұмыс орнында қызметкердің мүмкіндігі ескеріледі. Мемлекет жұмыс орнын жабдықтап береді.
ҚАРЛЫҒАШ АСАЙЫМОВА, МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Арнайы жұмыс орны бойынша жұмыс беруші мен Мансап орталығы арасында келісім жасалады. Мемлекет тарапынан 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаражат бөлінеді. Бұл қаржы қызметкерге қажет құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалады.
Қазір өңірдегі Мансап орталығында мүгедектігі бар 185 азамат тіркелген. Биыл олардың 54-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Тағы 12 адам субсидияланатын жұмысқа қабылданған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.