Президент жаңа Қорғаныс министрін таныстырды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Теңіздегі трагедияға, бірінші кезекте, офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі себеп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен өткен кеңесте болған қайғылы оқиғаға осылай деп қатаң баға берді. Ұжымға жаңа Қорғаныс министрі таныстырылды. Оның алдына қойылған міндет көп. Әскердегі олқылықтарды жою үшін қарулы күштерге түбегейлі реформа жоспарын жасау қажет. Ал Қорғаныс саласына Президент өкімімен құрылған арнайы комиссия кешенді тексеру жүргізеді.
Бір минут үнсіздіктен кейін Мемлекет басшысы қаза болған әскери қызметшілердің отбасына және жақындарына тағы да қайғыра көңіл айтты. «Мен қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхатымды жолдадым. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажет көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайға, бірінші кезекте, біліксіз офицерлер мен генералдар жауапты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ашығын айтуымыз керек, бейбіт күнде 14 сарбаздың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайды қылмыс деп айтуымыз керек. Бұл, бірінші кезекте, офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі. Ең алдымен, Мемлекет басшысы ретінде айтарым, қайғылы жағдайға жол берген әскери қызметшілер лауазымы, шеніне қарамастан жауапқа тартылады заң бойынша қатаң жазасын алады. Жалпы, өткізілген оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да ақылға қонымсыз. Түсініксіз деп айтуға болады. Әскери қызметшілерді теңізден жағалауға түсіретін дәл осындай жаттығу өткізу не үшін қажет болды?
Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті. «Сондай-ақ мұндай жағдайда тиісті қолданыс құралдарының талапқа сай болмағаны да түсініксіз», — деді Президент.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бас штаб оқу-жаттығу шараларын дұрыс жоспарламаған. Заман талабына сай келмейтін қате мақсат-міндеттер қойған. Басқаша айтсақ, Қорғаныс министрлігі соғыстың әбден ескірген, қазіргі таңда мүлде өзекті емес әдіс-тәсілдерін қолданып әрекет еткен. Ең басты мәселе, әскери қызметшілер тиісті жабдықтармен, ең алдымен, кез келген ауа райында адамды су бетінде ұстап тұруға мүмкіндік беретін арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмеген. Жауынгерлерге осындай аса маңызды және негізгі қолданыс құралдарының берілмеуіне не себеп болды? Енді бұл сұраққа кешенді тексеру жүргізетін арнайы комиссия жауап береді.

Осындай орны толмас қайғыға жол берген олқылықтардан соң, Президенттің өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру басталды. Жиында жаңа Қорғаныс министрі таныстырылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бұл оқиға Қорғаныс саласының басқару жүйесінде әскери тәртіпті қамтамасыз ету ісінде олқылықтар өте көп екенін анық көрсетті. Әскерде түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты шұғыл кадрлық шешімдер қабылдадым. Сіздерге ҚР жаңа Қорғаныс министрі Мырзахметов Айдос Сакенұлын таныстырғым келеді. Айдос Сакенұлы Мырзахметов күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік өте жоғары. Алдағы міндеттер аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс.
Айдос Мырзахметов – әскери қызметке жиырма жылдан астам уақытын арнаған кадрлық офицер. Мемлекеттік күзет қызметіндегі офицерлік қызметтің сатыларынан өтіп, командалық және басшылық лауазымдарды атқарған. Енді Қорғаныс саласына түбегейлі реформа жасауы керек. «Мемлекет басшысы он күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды. Реформаның басты міндеті – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі негізгі басымдыққа айналатын жаңа үлгідегі армия құру. Осылайша, аз ғана уақыттың ішінде Мемлекет басшысы кадрлық тағайындаудан бастап әскерді түбегейлі реформалауға дейінгі барлық негізгі шешімдерді қабылдады», — деді Вице-президент Ерлан Қарин тереграмдағы парақшасында.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал