Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қостанайда велосипедшілерді көптен бері мазалап жүрген мәселе шешілуі мүмкін. Қалада алғаш рет барлық негізгі аудандарды байланыстыратын бірыңғай веложол желісін салу жоспарланып отыр. Оның жалпы ұзындығы 38 шақырымнан асады. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп қойған. Ендігі міндет – бұл іске қажет 2 млрд-ға жуық теңгені табу.
Қостанайлық Алдияр мен Айдос велосипедті жай серуендеу құралы емес, қоғамдық көлік ретінде таңдайды. Жастардың айтуынша, бір ауданнан екіншісіне автобус немесе көлікке қарағанда тезірек жетуге болады. Алайда влосипедшіге кедергі көп. Жол бойына шыққанда әрі-бері зулаған көлікке алаңдайды, ал жаяу жүргінші жолына түскенде адамды қағып кетпеуді ойлайды. Міне, сегіз жылдан бері велосипедпен жүретін Алдияр Отаров талай рет қауіпті жағдайға тап болғанын айтады.
АЛДИЯР ОТАРОВ, ВЕЛОСИПЕДШІ:
— Иә, жүргізушілер тарапынан құрмет жоқ. Кейде олар велосипедшіге жол бермей, жай ғана қиып өтіп кетеді. Мені де бірнеше рет қағып кете жаздады. Өзім жолмен түзу келе жатамын, ал көлік бұрылып жатып мені байқамайды да, жол бермей алдымнан кесіп өтеді.
Ал Айдос Елдосұлының велосипедке биыл жазда міне бастаған. Ол қалада веложолақтың жоқтығынан қиналатынын айтады. Әсіресе көлік көп жүретін уақытта велосипедпен жүру қиын. Тағы бір мәселе – көз байланған шақта велосипедшіні көбі байқамай қалады. Ал велосипедпен жүретіндердің дені жарық шамдарын немесе артқы жарық белгілерін тақпайды.
АЙДОС ЕЛДОСҰЛЫ, ВЕЛОСИПЕДШІ:
— Веложолдардың жоқтығы және жүргізушілердің велосипедшілерді құрметтемеуі – негізгі мәселе. Жақында інімді де көлік қағып кетті. Тікелей соқпағанымен, бәрібір өте қауіпті жағдай болды. Тағы бір мәселе – аудандардағы жолдардың тарлығы. Көліктердің арасында жүру өте қиын. Тағы бір кемшілік – кешкі уақытта аудандарда жарықтың жетіспеуі.
Дегенмен, бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Қазір қаладағы саябақтар, скверлер және кейбір шағын аудандарда жалпы ұзындығы 7,5 шақырым болатын жеке веложол бар. Алайда олар бір-бірімен байланыспаған. Енді қалада алғаш рет осы учаскелерді біріктіретін бірыңғай веложол желісін салу жоспарланып отыр. Жаңа маршруттың жалпы ұзындығы 38 шақырым болады. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Ал оның алдын ала есептелген құны – 1 миллиард 828 миллион теңге.
МАРАТ ЖҮНДІБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Біз жоба бойынша мемлекеттік сараптамадан жақсы нәтиже алдық. Қазір қаржыландыру көзін анықтап жатырмыз. Негізгі үмітіміз – республикалық бюджет. Егер одан қаражат бөлінбесе, жобаны қалалық бюджет есебінен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Меніңше, келесі жылы жұмыстың жартысынан көбін, тіпті толықтай аяқтауға мүмкіндік бар.
Жоба бойынша веложолдар екі жолақты болады және асфальт төселеді. Маршрут бойында 500-ден астам жол белгісі, жеті павильон, велотұрақ, орындық және қоқыс жәшігі қолйылады. Жаңа маршруттар қолданыстағы веложолдарға қосылса, Қостанайдағы велоинфрақұрылымның жалпы ұзындығы 46 шақырымға жетеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.