Қазақстан әйелдер құрамасы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль иеленді

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Самарқанд Қазақстан шахматы үшін тарихи қалаға айналды. Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында әйелдер құрамасы қатарынан екінші рет күміс медаль иеленді. Сонымен қатар, ФИДЕ тарихында тұңғыш рет ұйым тізгінін Қазақстан өкілі ұстады.
Самарқандта өткен Дүниежүзілік додада қазақтың шахматшы қыздары дүлдүл екенін кезекті рет дәлелдеді. 1992 жылдан бері шахмат Олимпиадасына қатысып келе жатқан Қазақстан құрамасы алғаш рет жарысты бірде-бір жеңіліссіз аяқтады. Ұлттық команда 11 турдың жетеуінде жеңіске жетіп, төрт матчта тең түсті. Шахматшы қыздарды жетістігімен құттықтаған Президент мұны ерекше атап өтіп, аруларымызға алдағы уақытта да толайым табыс тіледі. Ал шахмат федерациясының басшысы Тимур Турлов келесі Олимпиадада бұдан да жоғары жетістікке жететінімге уәде берді.

ТИМУР ТУРЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ең бастысы, келесі Олимпиадада біз бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз. Өйткені шахматшыларымыз күн сайын дамып келеді. Қазір ерлер де, әйелдер де құрамалары әлемдегі ең жас командалардың қатарында.

2024 жылы Венгрияда өткен шахмат Олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы тарихта тұңғыш рет күміс медаль жеңіп алған еді. Араға екі жыл салып, ұлттық құрама сол нәтижені қайталады. Ал алтын медаль Қытай құрамасына бұйырды. Самарқандтағы Олимпиада Қазақстан шахматы үшін тағы бір тарихи жетістікпен есте қалды. Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының президенті болып сайланды. Екінші турда ол 110 делегаттың дауысын жинап, қарсыласы Вадим Розенштейннен басым түсті. Осылайша, FIDE тарихында алғаш рет ұйымды Қазақстан өкілі басқаратын болды.

ТИМУР ТУРЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Біздің басты мақсатымыз – FIDE-ні барлық ұлттық федерацияның үні естілетін, бейтарап әрі беделді ұйымға айналдыру. Қазақстандағы келіссөз және дипломатия мәдениетін осы жұмысқа енгізгім келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың түрлі елмен өзара құрметке негізделген дипломатиялық қарым-қатынас орнату тәжірибесінен үйренуге тырысамын. FIDE-де де күрделі мәселелерді диалог арқылы шешіп, жаңа серіктестер тартып, бұрынғы қайшылықтарды азайтқымыз келеді. Түпкі мақсатымыздың бірі – шахматты Олимпиада бағдарламасына енгізу.

Тимур Турловпен бір командада сайлауға түскен бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Ананд FIDE президентінің орынбасары қызметін атқарады. Жаңа басшылықтың өкілеттік мерзімі – төрт жыл.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал