Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Диқандар биыл қанша өнім жинайды? Елімізде егіннің 83%-ы орылып, қамбаға 20 миллион тоннаға жуық астық түсті. Енді басты мәселе – жиын-терімді уақытында аяқтап, жиналған астықты ысырапсыз сақтау. Үкімет сағатында Премьер-министр сала мамандарына осындай тапсырма берді. Ал нарықта картоп пен ет қоры жеткілікті бола ма? Көкөніс сақтау қоймаларынан тапшылық жоқ па?
Биылғы егін науқаны шаруалар үшін оңай болған жоқ. Бірқатар өңірде ауа райы қолайсыз болып, астықтың түсіміне қауіп төндірген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің есебінше, соған қарамастан 23 миллион тоннадан астам дәнді дақыл жинау жоспарланып отыр. Бұл ішкі нарықты азық-түлік, мал азығы және тұқым қорымен қамтамасыз етуге әрі экспорттық әлеуетті сақтауға толығымен жетеді.
АЗАТ СҰЛТАНОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
— Егін жинау науқаны уақытылы басталды. Қарқыны өткен жылдан жоғары. Бүгінгі таңда 13 жарым млн гектар дәнді дақыл немесе 83% жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14 центнер құрап, 19.9 млн тонна астық бастырылды. Дәнді дақылдардың жалпы түсімі көп жылғы орташа көрсеткіштерден жоғары болады деп болжануда.
Иә, тәжірибе көрсетіп отырғандай, қуаңшылық пен су тапшылығы жағдайында егінді сақтап қалудың тиімді жолы – суды үнемдейтін технологияларға көшу. Үкімет басшысы осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. «Мәселен, жаңбырлатып суару қондырғыларын сатып алуда шаруаларға қолдау тетіктерін ұсыну қажет», — деді Премьер министр.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Өңірлерге агроөнеркәсіп кешенін жүйелі түрде қолдауды жалғастырған жөн. Қазіргі таңда басты міндет – егін орағын уақытылы аяқтап, жиналған өнімді сақтап қалу. Элеваторлар мен астық қоймаларының, сондай-ақ бидайды кептіруге арналған қуаттардың толық дайындығын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ астықты ысырап қылмай сапасын жоғалтып алмау үшін барлық тиісті шараны қабылдау керек.
Елімізде егіс алқаптарының құрылымы өзгеріп келеді. Дәнді дақылдардың жалпы егістіктегі үлесі 66 пайызға қысқарып, майлы дақылдарға барынша басымдық берілуде. Соңғы екі жылда оның көлемі 18 пайызға өсті. Ал картоп алқабы 5,5 мың гектарға ұлғайтылған. Биыл 2,8 миллион тоннаға жуық аталған көкөніс өнімі жиналады деген болжам бар. Ал ішкі қажеттілік 2 миллион тоннадан асады. Тілшілермен болған брифингте министрлік өкілі нарықтағы бағаны күн сайын бақылап отырғандарын айтты.
НАЗГҮЛ ХАТЕПОВА, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Мамыр мен маусым айлары – картоптың бағасына әсер ететін кезеңдер. Осы уақытта былтырғы өнімнің қоры азайып, жаңа картоп әлі нарыққа толық түспейді. Маусымаралық кезеңде ішкі нарықта өнім тапшылығы болмас үшін ерте пісетін картоптың егіс алқабы жыл сайын ұлғайып келеді.
Вице-министрдің айтуынша, өнім қоры жеткілікті, экспорттық әлеует те сақталады. Картоптың дені көкөніс қоймаларына жеткізіледі. Олардың сыйымдылығы 2,6 млн тоннаға тең.
«Ет қымбаттамайды», — деп сендірді Вице-министр. Ведомство өкілінің айтуынша, қазір Қазақстанда сиыр етінің орташа бағасы келісіне 3800 теңгеден сатылып жатыр.
НАЗГҮЛ ХАТЕПОВА, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Астанада сиыр етінің бағасы 3800 теңгеден басталып, 4000 теңгеден асып кететін сауда орындары бар. Біз күнделікті мониторинг жүргіземіз. Мысалы, «Шапағат» базарында сиыр етінің келісі шамамен 3900 теңге болса, «Артем» базарында 4500 теңге көлемінде. Ішкі нарықтағы етке деген сұраныс отандық өніммен қамтылған.
Былтыр елде 434 мың тонна сиыр еті өндірілген. Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш тағы өскен. Мал басы да көбейіп келеді. Яғни вице-министрдің сөзінше, әзірге сиыр етінің күрт қымбаттауына негіз жоқ. Ұлттық статистика бюросы бағаны апта сайын, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі күн сайын бақылауда ұстайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.