Қазақстан мен Германия: қаржы, инвестиция және көлік саласындағы ынтымақтастық талқыланды

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапарының алғашқы күні елдің жетекші іскерлік қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесті.
Мемлекет басшысының Германия Федеративтік Республикасына ресми сапарының алғашқы күні аталған елдің жетекші іскерлік қауымдастықтары және қаржы институттарының басшыларымен кездесуден басталды. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Германия қаржысын, тәжірибесі мен тәуекелді басқару тетіктерін Қазақстанның ресурсымен және көлік саласындағы мүмкіндіктерімен ұштастыру мәселесін талқылады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Халқымыз Германияға айрықша құрметпен қарайтынын, абырой-беделі жоғары мемлекет деп білетінін атап айтқым келеді. Банк секторындағы темірдей тәртіпке, инженерлік шешімдердің жоғары сапасына, шағын және орта бизнестің орнықтылығына тәнтіміз. Экономикамызды жаңғырту мен технологиялық тұрғыдан трансформациялау үдерісінде дәл осы ерекшеліктерді үлгі тұтамыз. ГФР – Еуропадағы басты серіктестеріміздің бірі. Еліміздің ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі – Еуропалық одақпен ықпалдастықта қазақ-герман ынтымақтастығының маңызы зор. Біз үлкен жолды еңсердік. Әйтсе де экономикалық байланысымыздың әлеуеті мұнымен түгесілмейді. Қазақстан оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге дайын».

Кездесуде Мемлекет басшысы соңғы он жылда еліміз өңірдегі ең озық цифрлық және қаржылық экожүйені құрғанына ерекше тоқталды. Осы ретте қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды. Қазақстан мен Германияның цифрлық инновация және жасанды интеллект саласындағы серіктестігін жолға қою тағы бір басымдық ретінде аталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Орталық Азиядағы алғашқы «ақылды қала» әуел бастан цифрлық дәуірдің барлық талабын сақтай отырып жобаланды. Ол неміс капиталы мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын көпір бола алады. Alatau City бүкіл Еуразиядағы таланттарды, технология мен бизнесті тартатын жаңа орталыққа айналатынына сенімдімін.

Мемлекет басшысы сөзін қорыта келе, Қазақстан мен Германия жоғары деңгейдегі саяси диалогқа арқа сүйеп, қаржы, технология және инвестиция салаларында анағұрлым тиімді серіктестікті жолға қоя алатынын жеткізді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал