Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Халықаралық жаңалықтар топтамасында: Непалда су тасқыны мен лай көшкінінің салдарынан қаза тапқандар саны 1450-ге жетті. АҚШ пен Қытай 60 миллиард долларлық тауарға салынатын кедендік алымдарды төмендетуге келісті. Ал Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуға тағы бір қадам жасалды.
Непалда су тасқыны мен лай көшкінінен қаза тапқандар саны 1450-ге жетті. 5 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалған. Табиғи апат елге үлкен шығын әкелді. Жолдар мен электр станциялары қирап, мыңдаған отбасы баспанасыз қалды. Қазір апат салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. 2 миллион тоннадан астам қоқыс пен құрылыс қалдықтарын тазарту қажет. БҰҰ Непалға халықаралық қауымдастықтан қосымша қаржылай көмек сұрап отыр.
Таиландта су тасқынының салдары жойылып жатыр. Елде 2,6 миллионнан астам адам зардап шекті. 29 провинция мен Бангкокты су басқан. Табиғи апаттан 23 адам қаза тапты. Қазір су деңгейі төмендей бастады. Билік алдағы екі-үш күнде су толық тартылады деп отыр. Су тасқыны әуе қатынасына да әсер етті. Thai Airways әуекомпаниясының мыңдаған жолаушысы жүгін ала алмай қалған. Қазір әуежайда бес мыңға жуық сөмке жиналып қалған.
АҚШ пен Иран келіссөздерді осы аптада қайта бастауы мүмкін. Бұл туралы Дональд Трамп мәлімдеді. Бұған дейін Иран Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіріп, кейін кең ауқымды келіссөздер өткізуді ұсынған. Бірақ АҚШ бұл ұсынысты қабылдамады. Соған қарамастан аймақтағы елдердің араласуымен келіссөздер қайта жалғасуы мүмкін. Ал мұнай нарығында жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Қыркүйекте Таяу Шығыстағы негізгі елдердің мұнай экспорты тәулігіне 12,8 миллион баррельге жетті. Бұл – қақтығыс басталғалы ең жоғары көрсеткіш.
АҚШ пен Қытай 60 миллиард долларлық тауарға салынатын кедендік алымдарды төмендетуге келісті. Бұл шешім екі ел арасындағы сауда қатынасын жеңілдетуге бағытталған. Жаңа келісімге сәйкес, тараптар бірқатар тауарға қатысты баж салығын азайтады. Сарапшылар бұл қадам АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісін бәсеңдетуі мүмкін екенін айтады. Келісімнің нақты шарттары мен жаңа тарифтер алдағы уақытта күшіне енеді.
Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейсін ашуға жасалған қадамдардың бірі аяқталды. АҚШ-тың Федералды авиация әкімшілігі Қазақстанның әуе қауіпсіздігі жүйесіне жүргізген тексерісі сәтті өтті. Бұл тексеріс Қазақстанның халықаралық авиациялық талаптарға сәйкестігін бағалады. Ендігі кезекте тиісті рәсімдер жалғасып, Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі қарастырылады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.