СҚО-да үй құстарының қырылуына кокцидиоз ауруы себеп болған

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Солтүстік Қазақстан облысында үй құстарының жаппай қырылуына кокцидиоз ауруы себеп болған. Бір айға жуық жүргізілген сараптама қорытындысы осыны көрсетті. Алайда Шаховское ауылының азаматтары бұған күмән келтіріп отыр. Сондықтан бұқара тәуелсіз сараптама жүргізуге дайын.
Кубар Ахметова 2021 жылы құс шаруашылығымен айналысу үшін Бурабайдан Шаховское ауылына көшіп келген. Биыл 5 миллион теңгеден астам несие рәсімдеп, 1200 қаз сатып алыпты. Бірінен соң бірі жаппай қырылып жатқан қанаттыларды көріп аң-таң. Айтуынша, тірі қалғандардың бәрі соқыр болып қалған.

КУБАР АХМЕТОВА, ШАХОВСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Алдымен тәбеті жоғалады. Сосын мойындары бүгіліп, бірнеше күннен кейін өледі. Мендегі 1200 қаздың 200-і ғана қалды. Күніне 25-30 құстан қырылып жатыр. Ертең қарыздан қалай құтылатынымызды білмеймін. Мына жүргендердің бәрі тек дыбысқа реакция береді. Себебі көрмейді. Сол себепті қамауда ұстап отырмыз. Сыртқа шығарсақ жан-жаққа бытырап, бет ауған жаққа кетіп қалады.

Шаховское ауылында 46 мыңнан астам құс тіркелген. Мұндағы халықтың барлығы үйрек-қаз өсіріп, күнелтуде. Сондықтан жұртшылық тәуелсіз сараптама жасатқысы келеді. Алайда жауаптылар оған рұқсат бермей отыр.

НИНА ПИСКУНОВА, ШАХОВСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Құс тұмауына күдік бар. Сондықтан өлексені өзіміз апартып тексертуге де дайынбыз. Бірақ оған рұқсат жоқ. Ветеринарлар: «Бізде тек облыстық және республикалық зертхана бар, болды», — дейді. Осылайша, басқалардың қорытындысы есепке алынбайтынын айтады. Міне, осы жағы бізге түсініксіз болып тұр.

Еске салайық, ауылда былтыр үй құсы жаппай пастереллёзден қырылған. Биыл жағдай тағы қайталанды. Сондықтан мамандар жем-азықпен өлекседен сынама алып, үш аптадан астам уақыт тексерген. Бұл жолы кокцидиоз ауруы анықталды. Мұндай індет өңірде алғаш рет тіркеліп отыр.

АРМАН ЕЛЕУКИН, ОВБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Кеселдің таралуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі – үй құстарының жабайы құстармен байланыста болуы. Бұл індеттің емі бар. Тиісті препарадты қанаттыларға 3-5 күн аралығында берсе жеткілікті. Кейін олардың жағдайы тұрақталады.

Бүгінге дейін елді мекенде 15 мыңнан астам құс өліп, тұрғындар шығынға батты. Ал оларға енді ешқандай өтемақы төленбейді. Себебі кокцидиоз аса қауіпті жұқпалы аурулардың қатарынан емес. Жалпы, қазір өңірдегі эпизоотиялық жағдай мамандардың қатаң бақылауда.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал