Қазақстан мен Катар құқық қорғау саласында ақпарат алмасады

Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews

Киберқылмысқа қарсы күресте еліміздің мүмкіндігі кеңеймек. Енді құқық қорғау органдары шетелдік ІТ-компаниялардан қажет цифрлық деректі тікелей сұрата алады. Жедел әрекет ету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы байланыс орталығы құрылады. Сондай-ақ Қазақстан мен Қатар қылмыспен күресу мақсатында бірлескен жұмыстарды күшейтпек. Құрылтай депутаттары тиісті заңнамалық құжаттарды қабылдады.
Енді Қазақстан мен Қатар құқық қорғау саласында жедел ақпарат алмасып, бірлескен шараларды жүргізе алады. Құрылтай депутаттары қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңды екі оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, тараптар ұйымдасқан қылмыс, лаңкестік, заңсыз есірткі айналымы, киберқылмыс, заңсыз көші-қон және адам саудасына қарсы күресте өзара іс-қимылды күшейтеді.

САНЖАР ӘДІЛОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Келісімшартта ұлттық заңнама мүддесін қорғайтын шектеулер бар. Егер сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібіне зиян келтіру мүмкін деп саналса немесе ішкі заңнамаға қайшы келс, тараптардың құқықтық көмек көрсетуден бас тарту мүмкіндігі көзделген. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің 23 мемлекетімен осындай келісімдер жасаған.
Қазақстан 20-дан астам елмен қылмысқа қарсы күрес жөнінде осындай келісім жасаған. Олардың қатарында Франция, Италия, Қытай, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері де бар.

Мәжілісте компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау жөніндегі заң жобасы да қаралды. Құжат трансшекаралық киберқылмыстарды тергеуде халықаралық байланысты күшейтпек. Енді елдер арасында ақпарат пен электронды дәлелдемелер алмасу, бірлескен тергеу жүргізу мүмкіндігі кеңейеді. Халықаралық құқықтық көмек көрсету, соның ішінде қылмысқа күдіктілерді экстрадициялау тетігі де қарастырылған.

ҮНЗИЛӘ ШАПАҚ, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ПФ МҮШЕСІ:
— Компьютерлік салада қылмыс жасалған кезде, жәбірленуші бір елден болып, қылмыстық топ екінші елде отыруы мүмкін. Серверлік жүйе үшінші елде болуы мүмкін. Сондықтан осы мемлекеттердің өзара халықаралық ынтымақтастығының құқықтық негізін осы құжат негіздеп береді. Яғни құзыретті органдардың өзара іс-қимыл жасауының негізін қалап беретін құжат саналады.

Брифинг барысында Ішкі Істер министрінің орынбасары соңғы 3 жылда елімізде интернет алаяқтарының саны 40 пайызға азайғанын айтты. Жаңа құжат аясында киберқылмысты тергеуде Қазақстанның құқық қорғау органдары шетелдегі провайдерлер мен ІТ-компанияларға тікелей жүгіне алады. Цифрлық деректерді сақтау және тәркілеу тетігі де қарастырылған. Ал жедел әрекет ету үшін тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы байланыс орталығы құрылады. «Осылайша, шетелден қажет деректі алу үдерісі жеделдетіледі, — деп отыр министрлік өкілдері.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал