Арнаға тіркел / Подпишись на канал: http://www.youtube.com/@TheSevenNews
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия президентімен кездесті. Әуелі тараптар шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастық өзара сенімге, құрметке және ортақ мүддеге негізделгеніне назар аударып, бұл сапары елдер арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық байланыс пен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жайын сөз етті. Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Германия Федеративтік Республикасы президенті Бірлескен декларация қабылдады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— 2025 жылы екіжақты тауар айналымы 4,5 миллиард долларға жетті. Биыл да оң қарқын сақталып отыр. Жыл басынан бергі 7 айда өзара сауданың көлемі 2,6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда неміс капиталы бар 1400-ден астам компания тіркелген. Жиырма жыл ішінде Германиядан тартылған инвестицияның жалпы көлемі 8 миллиард долларды құрады. Германияның CLAAS Group, Rhenus Logistics, Siemens Energy, Linde секілді жетекші компанияларымен байланыс – ықпалдастығымыздың жарқын үлгісі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Шара барысында Тоқаев Штайнмайердің Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті. «Елдер арасындағы достықты нығайтуға, ынтымақтастығымызды жандандыруға қосқан қомақты үлесіңізді ескере отырып, Сізге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденін табыстаймын», — деді Мемлекет басшысы. Франк-Вальтер Штайнмайер мызғымас достық байланыс ұзақ жылдарға ұласатынына сенім білдірді.
ФРАНК-ВАЛЬТЕР ШТАЙНМАЙЕР, ГФР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мен үшін Қазақстан халқының орны ерекше. Елдеріміз бұдан да биік табыстарға жетеді деп ойлаймын. Қазақстанға сапарымды ықыласпен еске аламын. Екі елдің мызғымас достық байланыстары ұзақ жылдарға ұласатынына сенімдімін.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.